Қазақстандық байлардың Нью-Йорктегі пәтерлері жаңа салыққа ілікті

0
101

Нью-Йорк қымбат жылжымайтын мүлік иелеріне жаңа салық енгізуді жоспарланып отыр.


Қазақстандық байлардың Нью-Йорктегі пәтерлері жаңа салыққа ілікті

коллаж Ulysmedia

ERNUR.KZ. Салық 5 миллион доллардан қымбат үй сатып алып, бірақ онда тұрмайтындарға қатысты. Мұндай меншік иелерінің арасында қазақстандықтар да болуы мүмкін, деп жазады ulysmedia.kz.

ҚАЗАҚСТАННАН КІМДЕР САЛЫҚҚА ІЛІНУІ МҮМКІН?

Бұл бастаманы қала мэрі Зохран Мамдани мен штат губернаторы Кэти Хокул талқылап жатыр. Жаңа ереже бойынша, егер пәтер инвестиция үшін сатып алынып, бос тұрса, оған қосымша салық салынады.

«Выход к морю» арнасының мәліметінше, аталмыш ереже қымбат жылжымайтын мүлкі бар қазақстандықтарға да әсер етуі мүмкін.

Тізімде Жоғарғы соттың бұрынғы судьясы Сайлаубек Джакишевтің отбасы аталады. Ол Назарбаев кезеңінде пара алғаны үшін 12 жылға сотталып, айыппұл төлеп, тек төрт жыл отырған.

Джакишевтің ұлының Нью-Йоркте екі нысаны бар. Біріншісі, жоғарғы Вест-Сайдтағы үш бөлмелі пәтер. Екіншісі, төменгі Манхэттендегі коммерциялық орын. Бұл жылжымайтын мүлікке Әділжан 5 миллион доллардан сәл ғана көп ақша төлеген. Ал бұл жаңа «супербайлар салығына» ілігу үшін жеткілікті.

Сондай-ақ ықтимал салық төлеушілер қатарында кәсіпкер Сержан Жұмашов та аталады. Ол – Қайрат Боранбаевтың серіктесі. Оның Манхэттендағы пәтері уақыт өте қымбаттап, қазір белгіленген межеден асып кеткен.

Зерттеуде айтылғандай, бес бөлмелі пәтер 2010 жылдан бері Жұмашовқа тиесілі. Бұрын оны кәсіпкер Бурак Оймен 3 млн долларға сатқан, ал қазір бағасы кемінде екі есе өскен.

Нұрлан Шабдардың жұбайлары – Меруерт Кисамиева мен Алуа Шабдар да Манхэттенде жылжымайтын мүлікке ие.

Олардың бір пәтері – Джон Джей паркіне жақын, Ист-Риверге қарайтын екі деңгейлі пентхаус. Онда төрт жатын бөлме, бес жуынатын бөлме, қонақ бөлме және ас үйі бар. Пәтер ішінара жиһазбен жабдықталған, премиум техника орнатылған. Жалпы аумағы – 280 шаршы метр, бағасы 5 млн доллардан жоғары.

Бұл тізімге «Олимп» букмекерлік кеңсесінің бұрынғы иесі Анарбек Жауыров та кіруі мүмкін. Оның пәтері шамамен 6,5 млн долларға бағаланады.

САЛЫҚТАН ТЫС ҚАЛАТЫНДАР ДА БАР
Мысалы, бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ағасының мұрагерлерінің мүлкі белгіленген межеден төмен.

Сондай-ақ бұрынғы Алматы әкімі Виктор Храпуновтың Нью-Йорктегі үйі нашар жағдайда, сондықтан талапқа сай келмейді.

Ал бұрынғы Астана әкімі Әділбек Жақсыбековтың ұлы Дәурен Жақсыбековтың пәтері де белгіленген сомадан арзан.

САЛЫҚ НЕ ҮШІН ЕНГІЗІЛМЕК?

Нью-Йорк билігі бұл қадам арқылы инвестиция үшін сатып алынып, бос тұрған пәтерлер мәселесін шешуді көздейді. Мұндай жылжымайтын мүлік бағаның өсуіне әсер етіп, тұрғындар үшін баспананы қолжетімсіз етеді.

Әзірге бұл тек ұсыныс. Егер қабылданса, салық шетелдік меншік иелеріне де, соның ішінде қазақстандықтарға да салынуы мүмкін.