Ол бұл жеңіске 8 жылдан соң жеткен.
Фото: Белта
ERNUR.KZ. Қазақстандық әнші Алмагүл Батталиева Витебск қаласында өткен XXXIV Халықаралық эстрадалық ән орындаушылар байқауында Гран-при жеңіп алып, қазақ өнерінің биіктігін тағы бір мәрте дәлелдеді. Бұл байқау Беларусь елінде жыл сайын өтетін «Славян базары» халықаралық өнер фестивалінің аясында ұйымдастырылды, деп жазады azattyq-ruhy.kz.
Жеңіске жеткен соң Алмагүл Батталиева өз әсерімен бөлісті.
«Мен әлі де жеңіске жеткеніме сене алар емеспін. Бұл – мен үшін зор құрмет. Бұл мүсіншені Қазақстанға алып кету мүмкіндігі бұйырғанына шексіз ризамын. Осы жолда сегіз жыл еңбек еттім, бірнеше рет ұлттық іріктеулерден өттім. Бізде өте мықты әншілер бар, бәсекелестік жоғары. Қазақ халқы әнге жақын – бұл сахнадан құр қол қайтқан қазақ әншісі кемде-кем. Бұл – үлкен абырой», – деді әнші.
Алмагүл фестиваль аясында алған әсерлерімен де бөлісті. Оның айтуынша, байқау тек кәсіби жарыс емес, сонымен қатар шынайы шығармашылық мереке.
«Беларусь көрермені өте белсенді. Залдар лық толы, көрермен тік тұрып қол соғады. Мұндай қолдау шабыттандырады. Бұл байқау өзінің ауқымымен, ұйымдастыру сапасымен таңғалдырды. Нағыз халықаралық деңгейдегі өнер додасы», – деді ол.
Фестивальге қатысушылар мен қонақтарды ұйымдастырушылар мен көрермен қауым жылы қарсы алды. Қазақстандық әнші бұл байқауды «өзі үшін үлкен шығармашылық серпін» деп бағалады.
Алмагүл Батталиева бұл байқауға алғаш рет келген жоқ. Ол осы Гран-при үшін сегіз жыл бойы ұлттық іріктеулерге қатысып, тәжірибе жинап, өз шеберлігін шыңдап келді. Бұл жеңіс – оның еңбекқорлығы мен табандылығының нәтижесі.