Оқиға Лос-Анджелес маңында болған.
Видеодан скриншот
ERNUR.KZ. Қазақстандық актер Сануржан Сүлеймен АҚШ-та ер адамның өмірін сақтап қалды, деп жазады stan.kz.
Оқиға Лос-Анджелес маңында болған. Оқиғаның куәгері, актриса Айдана Сахаридің айтуынша, көлік жардан шығып кетіп, өртеніп кеткен. Сануржан бір сәтке де ойланбастан жанып жатқан көлікке жүгіріп барып, зардап шеккен адамды сыртқа алып шыққан. Оның ерлігі мен батылдығының арқасында ер адам аман қалды. Кейін оқиға орнына шұғыл қызмет өкілдері келіп жеткен.
Сануржан Сүлеймен 1998 жылдың 9 сәуірінде Алматы қаласында дүниеге келген.
Үш жасынан бастап журналдар мен жарнамаларға арналған түрлі фотосессияларға бала модель ретінде қатысып, халықаралық балалар байқауларының лауреаты атанды. Мектеп жылдары би өнеріне қызығып, пародиялық қойылымдарға қатысты. Бесінші сыныпта мұғалімдермен бірге мектеп театрын ашты.
2009 жылы 10 жасында "Қазақфильм" студиясы түсірген "Аңшы бала" фильмінде басты рөлге бекітіліп, үлкен кинодағы дебютін жасады.
Осы отбасылық балалар фильмінен кейін түрлі жанрдағы кино мен тележобаларда басты және қосалқы рөлдерді сомдап, шығармашылығын жалғастырды.