Еліміздегі тағы бір ең күрделі экологиялық проблемалардың бірі кей аймақтардағы ауаның ластануы.
фото: azh.kz
XXI ғасыр экономикалық даму мен экологиялық тұрақтылықты қатар ұстанатын дәуірге айналып отыр. Бүгінгі әлемдік саясаттың да басты ұстанымы осыған саяды. Себебі, климаттық ауытқулар, атмосфераның нашарлауы, биологиялық түрлердің кемуі, өндірістік қалдықтың көбеюі мен су ресурстарының азаюы әлем елдерін экологияға назар аударуға мәжбүрлеп тұр. Бұл үдеріс біздің елге де дендеп еніп, көптеген экологиялық проблемалардың көтерілуіне ықпал етуде. Қазір ел Үкіметі ауаның ластануын төмендету, су тапшылығын реттеу, қалдықтарды қайта өңдеу сынды мәселелерді шешуге күш салуда. Тіпті өткен ғасыр еншісіндегі Арал теңізінің тартылуы мен Семей полигонының салдары да әлі күнге дейін өзекті.
Тиісінше, кейінгі жылдарда елімізде қоршаған ортаны қорғау ісіне айрықша көңіл бөліне бастады. Бұл бағыттағы ауқымды реформа 5 жыл бұрын күшіне енген Экологиялық кодекс аясында іске асырылып жатыр. Экологияны қорғауға негізделген құжаттың басым бағыттары – өндіріс саласының қоршаған ортаға тигізетін зиянын азайту, заңбұзушылық жасағандарды олқылықты қалпына келтіруге міндеттеу, жаңа технологияларды қолданысқа енгізу және экологияның жай-күйін бақылау болып саналады. Сонымен бірге, мемлекет билігі ұстанған экологиялық саясат табиғатты аялап қана қоймай, тұрғындардың саулығын қамтамасыз ету, инвестицияны көбейту, экономикалық дамудың тұрақтылығын сақтау сынды салаларға да негізделген. Одан бөлек, тиісті органдар кез келген істі алдын ала дәлелденген деректерге қарап атқаруды қолға алған.
Мәселен, Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігі өткен жылы атмосфераға 4,01 миллион тонна зиянды заттар шығарылғанын мәлім етті. Ал су көздеріне төгілген қалдықтар көлемі 2,3 миллион тоннаны құрап, екі көрсеткіш те азайған. Кәсіпорындар шығаратын қалдықтар көлемі де 7,2 пайызға азайыпты. Дегенмен, бұл мақтанып айтатын көрсеткіш болмай тұр. Өйткені өндіріске ден қойған өңірлерде бұл проблема әлі де өзектілігін жойған жоқ.
Еліміздегі тағы бір ең күрделі экологиялық проблемалардың бірі кей аймақтардағы ауаның ластануы. Әсіресе, Алматы, Қарағанды, Риддер, Өскемен сынды өндірісі мол өңірлерде атмосфераға шығарылатын зиянды заттардың көлемі өте жоғары. Сол себепті ел Үкіметі өндіріс орындарын жаңғырту, экологиялық тұрғыдан тиімді құрылғылар орнату, газбен қамтамасыз ету сынды бағыттарға басымдық беріп отыр.
Су тапшылығы да Қазақстанның экологиялық ахуалына кері әсер етіп жатқаны жасырын емес. Осы орайда мемлекет тарапынан су қоймаларын жөндеу және жаңадан салу, су жеткізу жолдарын жөндеу арқылы шығынды азайту, инфрақұрылымды жетілдіру және цифрлық платформаға толықтай көшіру жұмыстары үздіксіз атқарылып жатыр. Одан бөлек, жыл сайын жиналатын миллиондаған тонна қоқысты сұрыптау, қайта өңдеу ісі де өркендеп келеді. Бұл тұрғыда қайта өңддеу орындарының көбейіп, ретсіз полигондардың жойылып, өңдеушілердің жауапкершілі қатайып жатқанын аңғарамыз.
Орман қорын молайту және биоалуантүрлілікті қалпына келтіру жұмыстары да қарқынды жүргізіліп келеді. Соңғы уақытта миллиондаған түп ағаш көшеті егіліп, орман қоры молайып жатыр, ерекше қорғаудағы табиғи аймақтар ұлғайып, сексеуіл алқабы кеңейтіліп жатыр. Сирек кездесетін жануарларды қорғауға да айрықшы назар салынып отыр.
Бүгінде еліміздің экологиялық ахуалын жақсартуға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2024 жылғы бастамасымен іске асырылып жатқан «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы да елеулі үлес қосып жатқанын атап өту керек. Акция басталғаннан бергі 2 жылдан астам уақыт ішінде ел аумағында миллиондаған түп ағаш көшеті отырғызылып, қоғамдық орындар, киелі нысандар мен табиғи аумақтар қоқыстан тазартылды. Сонымен бірге тұрғындардың экологиялық мәдениетін көтеру жұмыстары да қарқынды жүргізіліп жатыр.
Жалпы, Қазақстан экологиялық ахуалды жақсарту мақсатында әлемдегі озық үлгілерге де назар аударады. Мұны өндірушілерге қойылатын талаптардың күшеюінен, қалдықтарды қайта өңдеуге басымдық берілуінен, су саласындағы реформалардан, жаңа Экологиялық кодекстің қабылдануынан, су және орман қорын қорғауға негізделген бағдарламалардың жүзеге асырылуынан анық аңғарамыз. Бірақ, бұл бағыттағы жұмыстар кезең-кезеңімен іске асырылатынын ұмытпаған жөн.
Десе де, ауа құрамының ластануынан, тұрмыстық қалдықтар саласындағы кемшіліктерден, су ресурстарының азаюынан және климаттың өзгеруінен туындайтын мәселелерді шешу ел Үкіметінің назарынан түспейтін міндеттер болып сақтала береді. Осы орайда, қоршаған ортаны қорғау, экожүйенің жақсаруын қамтамасыз ету бір немесе бірнеше мекеменің ғана міндеті емес, тұтас қоғамның да азаматтық парызы екенін есте ұстаған абзал. Себебі еліміздің қарыштап дамуы мен келешек буынның өмір сүру сапасы әрбір азаматтың ел мен жерге деген адалдығына тікелей байланысты.
Б.Мейірханұлы,


