​Киноиндустрияда ЦИФРЛЫҚ АКТЕРлер мен РОБОТ-РЕЖИССЕРлер пайда болды

0
235

Жасанды интеллект кинематографияны қалай өзгертіп жатыр?


​Киноиндустрияда ЦИФРЛЫҚ АКТЕРлер мен РОБОТ-РЕЖИССЕРлер пайда болды

Сурет: ЖИ

Осыдан екі-үш жыл бұрын ғана жасанды интеллект генерациялаған суреттерге қарап, «мына кейіпкердің үш қолы, алты саусағы бар екен» деп күліп, жеңіл-желпі қарап жүрген едік. Алайда уақыт өткен сайын бұл технология таңғаларлық жылдамдықпен жетіліп келеді. Бүгінде ЖИ жай ғана кадр артындағы екінші дәрежелі «көмекші» рөлімен шектелмей, негізгі орындаушыға, тіпті кейде процесті бағыттайтын «басшыға» айнала бастады.

Кино индустриясын алсақ, жасанды интеллект түсірілім алаңындағы толыққанды басты кейіпкердің, сценаристің және режиссердің қызметін атқарған нақты кейстер пайда болды. Тіпті цифрлық актерлер мен автономды алгоритмдер адамның қатысуынсыз-ақ толықметражды фильмдерді өмірге әкелуде. Бұл жай ғана технологиялық тренд емес, кино өнерінің дәстүрлі заңдылықтарын асты-үстіне шығарып жатқан үлкен төңкеріс.


Канн фестивалін таңғалдырған фильм

Осы жылдың ең шулы оқиғасы – Канн кинофестивалінде көрсетілген «HELL GRIND» («Тозақ диірмені») фильмі болды. Сенесіз бе, толықметражды 95 минуттық әдеттегі кино форматы, бірақ экранда бірде-бір тірі актер жоқ?!

Бұл туындыны небәрі 15 адамнан тұратын топ 14 күн ішінде түсіріп шыққан. Ал бюджеті бар болғаны 50 мың доллар. Салыстырып қараңыз, дәл осындай эффектілері бар әдеттегі блокбастердің құны кем дегенде 50 миллион доллардан басталады.

Ең қызығы, 50 мың доллардың 40 мыңы қайда кетті дейсіз гой? Компьютерлік қуатты арендаға алуға! Яғни адамдар «темірге» ақша төледі, ал ол біздің орнымызға кино ойлап тапты. Актерлер демалыста, каскадерлер өмірін қатерге тікпейді, ал көрермен таңғала тамашалауда. «Құда да тыныш, құдағи да риза».


«Цифрлық актерлер» эмоцияны қайдан алады?

Тек режиссерлік орын емес, актерлік кәсіп те қауіп үстінде. Былтыр «Misaligned» фильмінде Тилли Норвуд есімді кейіпкер дебют жасады. Ол – әлемдегі ең алғашқы ЖИ-актер.

Тиллидің балалық шағы болмаған, оның ішкі эмоциясы да, жеке өмірлік тәжірибесі де жоқ. Бірақ оның бойында ғаламтордағы бүкіл ақпарат бар. Ал сырт келбеті мыңдаған шынайы адамдардың жүзінен жинақталған. Мұндай жаңашылдыққа АҚШ-тың актерлер кәсіподағы қарсылық білдіріп бірден дабыл қаққанмен, киностудиялар бұған қуана қарсы алды. Неге қуанбасын, цифрлық актермен жұмыс істеу арзан, ыңғайлы.

Жасанды интеллектіні жөнімен пайдаланып жүргендер де бар. Мысалы, «Жас Вашингтон» фильмі дәстүрлі жолмен түсірілді. Онда шынайы декорация қойылып, шынайы актерлер ойнады. Ал нейрожелі тек артқы фонды толықтыру үшін қолданылған. Фильмдегі мұз үстіндегі көріністі Ирландиядағы кәдімгі жылы бассейнде түсірген. Актерлер тоңған жоқ. Ал компьютер сол бассейннің орнына қаһарлы қыс пен шексіз қарлы даланы қосып берді.


Марқұм болғандарға «екінші өмір» сыйлау

ЖИ тек жаңа кейіпкерлерді ойлап табумен шектелмейді. Ол өмірден өткен аңыз актерлерді экранға қайта «тірілтіп» алып келуде. Мәселен, Пол Уокердің қазасынан кейін «Форсаж» франшизасын аяқтау немесе Кэрри Фишер мен Питер Кушингті «Жұлдызды соғыстар» сагасында қайта көрсету үшін арнайы цифрлық аватарлар қолданылды. Сонымен қатар, Мэрилин Монро сияқты өткен ғасырдың жұлдыздарын жаңа жобаларға ЖИ арқылы қатыстыру тренді қарқын алып келеді.


Кино түсіруде бастысы – қаржы емес, идея

Бұрын кино түсіру көп қаржыны талап ететін. Толықметражды фильмді тек миллиондаған бюджеті бар гиганттар ғана қолға алатын. Ал бүгінде мұндай арнайы эффектілерді үйде отырған қарапайым студент те ноутбук пен ЖИ құралдарының көмегімен бірнеше сағатта жасап шығара алады. Демек жасанды интеллект кино түсірудегі қаржылық кедергілерді жойып, мүмкіндіктерді теңестірді деуге толық негіз бар. Режиссердің креативті ойы, бірегей қиялы мен сапалы сценарий болса, ЖИ құралдарын шебер меңгеру жеткілікті.


Алгоритм адамның орнын баса ма?

Бұл тенденцияны көріп, ойға қаласың. Бір жағынан, керемет! Екінші жағынан, сәл қорқынышты: тағы бір-екі жылдан соң шынайы кадр мен жасанды интеллект генерациялаған көріністі ажырата алмай қаламыз ба? Сүйікті актерлеріміз қайда кетеді№ Әлде сүйікті алгоритмтерімізге жанкүйрелік етеміз бе? Әзірге бұл сұрақтардың нақты жауабы жоқ. Бірақ бір нәрсе анық – жасанды интеллектің тасы өрге домалап келеді, кері кетуі, үлесі кемуі екіталай. Оның даму жолы мен жылдамдығын тамашалау қызығы Голливудтық блокбастерден кем түспейін деп тұр!

Дайындаған: Х. ОРАЛ,

ERNUR.KZ


ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:

«ӨРМЕКШІ АДАМ: ЖАҢА КҮН» әлемдік тарихтағы ЕҢ КӨП КАССА жинаған үштікке енді

ОНЛАЙННЫҢ 10 қағидасы: ЖҰМЫС ЧАТТАРЫнда әр ҚЫЗМЕТКЕР сақтауы тиіс

БАЛА неге жиі АУЫРАДЫ? Себебі ПАРАЗИТТЕ болуы мүмкін