Аймағабетов қазір өндірісте жазатайым оқиға болса, оны тергейтін комиссияны жұмыс берушінің өзі құрып басқаратынын, көп жағдайда тергеу субъективті өтіп, жұмысшы немесе оның отбасы әділдік таппай, сенімсіздік пайда болатынын мәлімдеді.
Фото: istockphoto.com
ERNUR.KZ. Егер қарым-қатынаста еңбек шартының кем дегенде бір белгісі болса, онда азаматтық-құқықтық шарт жасасуға тыйым салынады. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов мәлімдеді, деп жазады stan.kz.
Оның айтуынша, азаматтық-құқықтық шартта жұмысшы әлеуметтік кепілдіктерден айырылады.
"Елімізде көптеген жұмыс берушілер қаржысын үнемдеу және әлеуметтік кепілдіктерден жалтару үшін, еңбек шартының орнына азаматтық-құқықтық шарт (ГПХ) жасасуды әбден әдетке айналдырды. Жұмыскер жұмыс тәртібіне бағынады, жұмыс кестесіне сәйкес жұмыс істейді, бастығы бар, бірақ қағаз жүзінде ол "қызметкер" емес, "мердігер" болып саналады.
Бұл неге қауіпті? Өйткені бұл ГПХда отырған жұмыскер әлеуметтік кепілдіктерден айырылады. Ол еңбек демалысына шыға алмайды. Әйелдер де жүктілікке байланысты демалысқа шыға алмайды. Зейнетақы жарнасы аударылмайды, медициналық сақтандыруы болмайды.Енді біз бұған нақты тосқауыл қоямыз. Егер қарым-қатынаста еңбек шартының кем дегенде бір белгісі болса, онда азаматтық-құқықтық шарт жасасуға тыйым салынады. Нәтижесінде он мыңдаған адам толыққанды әлеуметтік кепілдіктерге ие болады", - деді депутат.
Депутат сонымен қатар бір лауазым мен бір мамандық бойынша жұмыс істейтіндердің жалақысындағы алшақтық мәселесін көтерді.
"Бір кәсіпорында, бірдей лауазымда, бірдей функцияны атқаратын қызметкерлердің жалақысында бірнеше есе айырмашылық болмауы тиіс. Алайда, қазіргі заңнамада бұл мәселе реттемеген. Сондықтан осындай әділетсіздік жиі кездеседі. Мысалы, бірдей жұмысты атқарып, бірдей талаптарға сай келетін шетел мамандары мен жергілікті мамандар арасындағы жалақылары бойынша алшақтық проблемасы бар. Сондықтан да, біз Ұжымдық шартқа бір лауазым ішіндегі ең жоғары және ең төменгі жалақының ара қатынасын міндетті түрде белгілеу туралы норманы ұсындық. Бұл норма – еңбекақы төлеудегі әділдік үшін қажет деп санаймыз", - деді ол.
Аймағабетов қазір өндірісте жазатайым оқиға болса, оны тергейтін комиссияны жұмыс берушінің өзі құрып басқаратынын, көп жағдайда тергеу субъективті өтіп, жұмысшы немесе оның отбасы әділдік таппай, сенімсіздік пайда болатынын мәлімдеді.
"Сондықтан біз тергеу процесін объективті ету мақсатында, комиссияның құрамына тәуелсіз тараптарды медиаторларды және оның туыстарын немесе адвокатын қосуға мүмкіндік береміз. Егер тергеу ашық болса, оған бірнеше тараптар қатысса, бұл тергеу әділірек өтіп, қарапайым жұмыскердің дауысы ескерілетін болады деп санаймыз", - деді депутат.


