Щучинскідегі дәмханада 12 адамның өмірін қиған жарылысқа қатысты апелляция шешімі шықты

0
136

Ақмола облыстық соты Щучинск қаласындағы дәмханада болған жарылыс пен өртке кінәлі деп танылған үш адамның үкімін өзгеріссіз қалдырды.


Щучинскідегі дәмханада 12 адамның өмірін қиған жарылысқа қатысты апелляция шешімі шықты

Ulysmedia коллажы

ERNUR.KZ. Дәмхана иесі мен газ құю станциясының директоры жеті жылға, ал газ баллондарын жеткізуші алты жылға бас бостандығынан айырылды, деп жазады ulysmedia.kz.

Үкім заңды күшіне енді. Сот 16 жәбірленушінің моральдық зиянды өтеу туралы талап-арызын ішінара қанағаттандырды.

Баллон не себепті жарылды?

Сот мәліметінше, дәмхана иесі газ баллондарын пайдалану талаптарын бұзып, оларды жылыту радиаторларының жанына сақтаған. Ол қызметкерлерге қауіпсіздік бойынша нұсқаулық өткізбеген әрі газ жабдықтарына жауапты адамды тағайындамаған.

Ал газ сатуға және жеткізуге рұқсаты болмаған жеткізуші баллондарды ешқандай бақылаусыз дәмханаға әкеліп отырған. 2026 жылғы 25 ақпанда ол дәмханаға екі баллон жеткізген. Оның біреуі шамадан тыс толтырылған.

Сот дерегінше, газ құю станциясының директоры тұрмыстық баллондарға газ толтырумен тұрақты түрде айналысқан. Алайда станцияда мұндай жұмысты бақылауға қажетті құжаттар да, жабдықтар мен өлшеу құралдары да болмаған. Қызметкерлері де арнайы оқытудан өтпеген.

Қайғылы оқиға қалай болды?

Қайғылы оқиға 2026 жылғы 26 ақпанда кешке «Центр плова Loft» дәмханасында болған. Шамадан тыс толтырылған газ баллоны жылыту батареясының жанында тұрған. Қызған газдың қысымы артып, баллонның қабырғасы жарылған. Соның салдарынан өрт шыққан.

Оқиға кезінде 12 адам қаза тауып, тағы 11 адам жарақат алды. Ғимараттың меншік иесіне 19 миллион теңгеден астам шығын келген.

Алғашқы үкім

Бурабай аудандық соты алғашқы үкімді қыркүйек айында шығарған. Сол кезде жәбірленушілерге моральдық зиян үшін әрқайсысына 1 миллионнан 4 миллион теңгеге дейін өтемақы төлеу туралы шешім қабылданған.