Оқушы қыздар төбелескені үшін жауапкершілікке тартылды.
ERNUR.KZ. Батыс Қазақстан облысындағы мектептердің бірінде 11-сыныптың оқушы қыздары спорт залдың жанында төбелескен. Оларды мұғалімдер арашалап алды, деп жазады baq.kz.
Қазақстанның батысында оқушы қыздардың жанжалы сотқа дейін жетті. Сот отырысы барысында мектептердің бірінде екі 11-сынып оқушысы арасында келіспеушілік туындағаны белгілі болды.
Жанжал нағыз төбелеске ұласқан. Оқушылар бір-бірінің шашын жұлып, сойқан шығарған. Төбелескен қыздарды мұғалімдер арашалағаны анықталды.
Сотта кәмелетке толмағандар іс материалдарында көрсетілген мән-жайлармен ішінара келісті. Дегенмен, жанжалды бірінші болып басқа сыныптың оқушылары бастағанын алға тартты.
«Сот процесс қатысушыларын тыңдап, іс материалдарын зерделеп және ұсынылған дәлелдемелерге баға бере келе, прокурордың оларды кінәлі деп тану қажеттілігі туралы қорытындысымен келісті. Кәмелетке толмағандарды әкімшілік жауапкершілікке тартуға негіз бар деген тұжырымға келді. Содан кейін Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 434-бабының 1-бөлігімен кінәлі деп танылып, олардың заңды өкілдеріне барлық құны 43 250 теңге айыппұл салынған», – деп хабарлады БҚО облыстық сотының баспасөз қызметі.
Қаулы заңды күшіне енген жоқ.


