Қылмыстық топтың басқа мүшесі бас бостандығынан айырылды.
Фото: depositphotos.com
ERNUR.KZ. Қазақстан аумағында жұмыс істеген онлайн-казиноның ұйымдастырушысы Әзербайжанда сот алдында жауап береді, деп жазады inbusiness.kz.
Алматы қалалық прокуратурасы хабарлағандай, сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында ҚР аумағында құмар ойындарын ұйымдастыру және өткізу тәртібін реттейтін заңнама талаптарын бұза отырып, заңсыз ойын бизнесін жүзеге асырумен айналысатын топ әрекет еткені анықталды.
Аталған топтың ұйымдастырушылары мен қатысушылары пайдакүнемдік ниетпен әрекет ете отырып, онлайн-казино саласында "Ойын бизнесі туралы" ҚР Заңында көзделген тиісті лицензиясыз, азаматтарды құмар ойындарына қатысуға тарта отырып, заңсыз қызметті жүзеге асырған.
Қылмыстық схеманың негізгі ұйымдастырушыларының бірі шет мемлекеттің (Әзербайжан) азаматы болған, ол ҚР аумағынан тыс жерде әрекет етуді үйлестіріп, заңсыз ойын бизнесін техникалық қолдау мен қаржылық басқаруды қамтамасыз етіп, қылмыстық жолмен алынған ақша қаражатының қозғалысын бақылауды жүзеге асырған.
"Шетел азаматының Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде болуына байланысты қылмыстық іс, қылмыстық жауаптылыққа тарту үшін Әзербайжанға жолданды. Қылмыстық топтың басқа мүшесіне қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру аяқталды, қылмыстық іс сотқа жолданды, қарау нәтижелері бойынша бас бостандығынан айыруға сотталды. Осылайша, ҚР аумағында қылмыстық құқық бұзушылық жасаған айыпталушылар, орналасқан жеріне қарамастан ҚР заңында белгіленген жауаптылыққа тартылатын болады", – делінген ақпаратта.


