Көпбалалы отбасыларға арналған салық шегерімі бір-ақ жыл ғана қолданыста болды,
Фото: istockphoto.com
ERNUR.KZ. 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап көпбалалы отбасыларға арналған салық шегерімдері алынып тасталады. Есесіне барлық қызметкер үшін базалық салық шегерімі қолданылады. Бұл туралы Қаржы министрлігі мемлекеттік кірістер комитетінің ресми сауалға берген жауабында айтылған, деп жазады azattyq-ruhy.kz.
Естеріңізде болса, биыл қаңтардан елімізде көпбалалы отбасыларға арналған салық шегерімі жұмыс істей бастаған. Яғни жұмыс істейтін ата-ананың табысынан белгілі бір мөлшерде салық шегерімі жасалады, осылайша оның қолына тиетін ақша көбейеді.
Салық шегерімі жылына ең көп дегенде 282 АЕК мөлшерінде беріледі және ол мынадай тәртіпте қолданылады:
- бір ата-анаға ай сайын 23,5 АЕК;
- әр ата-анаға ай сайын 11,75 АЕК.
Мәселен, кәмелетке толмаған төрт баланы тәрбиелеп отырған отбасында әкесі ғана жұмыс істейді делік. Оның айлық жалақысы – 400 000 теңге. Ай сайын оның жалақысынан 10% жеке табыс салығы ұсталады – 40 000 теңге.
Ал ай сайын 23,5 АЕК салық шегерімін қолданған жағдайда, оның салық салынатын табысы азаяды: 23,5 АЕК х 3932 (1 АЕК) = 92 402 теңге. Енді мұны жалақыдан шегереміз: 400 000 - 92 402 = 307 598 теңге.
Осылайша 10% жеке табыс салығы осы 307 598 теңгеден есептеледі: 307 598 × 10% = 30 759 теңге.
Нәтижесінде көпбалалы әке ай сайын 40 000 теңгенің орнына 30 759 теңге салық төлейді. Яғни, қолына шамамен 9 241 теңге артық қалады.
Ең қызығы – биыл ғана іске қосылған бұл жеңілдік 2026 жылдан бастап алынып тастағалы отыр.
«2026 жылғы 1 қаңтардан бастап сыйақылар бойынша және көпбалалы отбасыларға арналған салық шегерімдері көзделмеген», - деп мәлімдеді мемлекеттік кірістер комитеті.
Сондықтан салық шегерімін қолданғысы келетін жұмыс істейтін ата-аналар жұмыс берушінің атына еркін түрде өтініш жазып, кәмелетке толмаған балаларының туу туралы куәліктерінің көшірмесін ұсынып, салықты қайта есептетіп алғаны жөн.
2026 жылғы 1 қаңтардан бастап қазақстандықтар үшін тек мына үш салық шегерімі ғана қалады:
- әлеуметтік төлемдер бойынша салық шегерімі;
- базалық салық шегерімі;
- әлеуметтік салық шегерімдері.
Әлеуметтік төлемдер бойынша салық шегерімі – міндетті зейнетақы жарналары, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарналары және азаматтық-құқықтық шарттар бойынша әлеуметтік аударымдар түріндегі шегерім.
Ал айына 30 АЕК мөлшеріндегі базалық шегерімді жұмыс істейтін азаматтардың бәрі қолдануға құқылы. Оның үстіне базалық шегерімді қолдану үшін жеке тұлғалар салық шегерімдерін растайтын құжаттарды жинау, сақтау, сондай-ақ жыл сайын кірістер мен мүлік туралы декларация ұсынуға міндетті емес.
Әлеуметтік салық шегерімдері мына адамдарға қолданылады: I және II топтағы мүгедектігі бар тұлғалар үшін – 5 мың АЕК, III топтағы мүгедектігі бар тұлғалар, мүгедек бала, Ұлы Отан соғысына қатысқандар және оларға теңестірілген тұлғалар, Ұлы Отан соғысы жылдарында тылда еңбек еткен, ордендер мен медальдармен марапатталған тұлғалар үшін – 882 АЕК; сондай-ақ мүгедек баланың ата-аналары, қамқоршылары, қорғаншылары, асырап алушылары және патронаттық тәрбиешілері үшін – 882 АЕК мөлшерінде.