Бұл технология төл туынды ретінде жасалған.
Фото: © istockphoto.com
ERNUR.KZ. Отандық Cybernet AI стартабы Орталық Азияда алғаш рет түркі тілдерінің ерекшеліктеріне негізделген автоматты сөйлеуді тану (ASR) моделін таныстырды. Бұл технология батыстық шешімдерді көшіру емес, төл туынды ретінде жасалған, деп жазады Azattyq Rýhy.
Жоба Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі мен Astana Hub стратегиялық қолдауымен іске қосылды. Модельді оқыту үшін әлемдік алпауыт Microsoft компаниясының GPU-инфраструктурасы пайдаланылған.
«Бұл жоба Қазақстанның жаһандық ЖИ-шешімдерді тұтынушыдан халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті технологияларды әзірлеушіге айналуын білдіреді», — дейді Astana Hub басқарушы директоры Танат Өскембаев.
Cybernet AI әзірлеген жасанды интеллект тек таза сөйлеуді емес, күнделікті тұрмыстағы аралас тілді де еркін таниды. Модель келесі тілдерде жұмыс істейді:
- Қазақ, түрік, өзбек;
- Қырғыз, әзірбайжан және татар тілдері;
- Түркі-орыс аралас сөйлеу стилі (бұл күнделікті қарым-қатынас пен бизнес үшін өте маңызды).
Бұған дейін халықаралық модельдер ағылшын тіліне бағытталғандықтан, түркі тілдерінің фонетикасын, екпінін және тіл аралық ауысуларды (code-switching) дұрыс қабылдай алмайтын. Cybernet AI бұл мәселені түбегейлі шешті.
Жаңа ЖИ-модель үлкен көлемдегі дауыстық байланыспен жұмыс істейтін құрылымдарға арналған:
1. Банктер мен қаржы ұйымдары: Дауыстық көмекшілер мен боттардың сапасын арттыру үшін.
2. Мемлекеттік органдар: Халыққа қызмет көрсетуді цифрландыру және автоматтандыру.
3. Байланыс операторлары мен контакт-орталықтар: Тұтынушыларды қолдау шығындарын азайту.
Әзірлеушілердің айтуынша, модель шулы ортада, әртүрлі акценттермен сөйлегенде де жоғары дәлдікті көрсетеді. Бұл бизнес үшін сервисті 24/7 режимінде сапалы жүргізуге мүмкіндік береді.


