Қазақстанда терезені ашық қалдырған ата-аналарға айыппұл салынады

0
178

Елде жылы кезеңнің ерте басталуына байланысты тұрғын үйлердің терезелерінен балалардың құлап кету жағдайлары тіркелуде.


Қазақстанда терезені ашық қалдырған ата-аналарға айыппұл салынады

ERNUR.KZ. Бас прокуратура елімізде ауа райының жылуына байланысты тұрғын үй терезелерінен балалардың құлап кету жағдайлары тіркеліп жатқанын мәлімдеді. Ведомство осыған орай қазақстандықтарға ескерту жасады, деп жазады stan.kz.

Бас прокуратураның мәліметінше, мұндай жағдайларға негізгі себеп ересектердің тиісті бақылауының болмауынан.

“Елде жылы кезеңнің ерте басталуына байланысты тұрғын үйлердің терезелерінен балалардың құлап кету жағдайлары тіркелуде.Тәжірибе көрсеткендей, көп жағдайда балалар қысқа уақытқа болса да қараусыз қалады. Бұл қайғылы салдарға әкеледі. Ашық терезелер мен қауіпсіздік сезімін жалған түрде қалыптастыратын москиттік торлардың болуы ерекше қауіп төндіреді. Москиттік тор баланың салмағына есептелмеген, оны ұстап тұра алмайды. Жүргізіліп жатқан ақпараттық-түсіндіру жұмыстарына қарамастан, мұндай оқиғалар жыл сайын тіркелуде”, – делінген хабарламада.

Қазір осы мәселенің алдын алу үшін мемлекет тарапынан қажет заңнамалық шаралар қабылданған. Атап айтқанда заңға сай, жаңа тұрғын үйлерді салушылар терезелерге қауіпсіздік құлыптары мен механизмдерін орнатуға міндетті. Ал тұрғын үйлердегі қауіпсіздік пен тұрмыс жағдайын қамтамасыз ету үй иелерінің бірлестігі, кооперативтер және басқарушы ұйымдардың міндетіне кіреді.

Бас прокуратура сонымен қатар ата-аналарды балаларды қараусыз қалдырмауға, жиһазды терезе маңына қоймауға, терезелерге қауіпсіздік құралдарын орнатуға және баланың терезеге өз бетінше жақындауына жол бермеуге шақырды.

“Кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша шаралар орындалмаса, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің (ӘҚБтК) 127-бабына сәйкес 20 АЕК-ке дейінгі көлемде айыппұл қарастырылған. Бұл – шамамен 73 840 теңге.Тек 3 айдың ішінде осы бап бойынша 8000-нан астам ата-анамен заңды өкіл жауапкершілікке тартылды. Балалардың өмірі мен денсаулығы үшін бірінші кезекте жауапкершілік ата-аналарға жүктеледі”, – делінген хабарламада.