Қазақстанда судьяларды іріктеу цифрландырылады және қағаз құжат айналымынан бас тартылады

0
120

2025 жылдан бастап Қазақстанда судьялар корпусын қалыптастыру жүйесін кешенді реформалау басталды.


Қазақстанда судьяларды іріктеу цифрландырылады және қағаз құжат айналымынан бас тартылады

ERNUR.KZ. Үміткерлерді даярлау, біліктілік емтиханы, конкурстық іріктеу, судьяларды тағайындау және кадрлық процестерді цифрландырудың барлық кезеңі өзгертілді. Бұл туралы ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында ҚР Жоғары Сот Кеңесінің мүшесі Салтанат Жүніспекова мәлімдеді.

Нәтижесінде судьялар кадрының тапшылығын қысқартуға қол жеткізілді. Конкурстық іріктеу шамамен төрт есе жеделдеді. Сондай-ақ біліктілік емтиханы толық реформаланды, іріктеу қатаң әрі объективті бола түсті, кадрлық резерв кеңейтілді. Сонымен қатар Әділет академиясының рөлі күшейтілді.

Салтанат Жүніспекова Жоғары Сот Кеңесі қызметінің ашықтығы мен қолжетімділігін арттыру негізгі басымдықтардың бірі болғанын және болып қала беретінін қосты.

«Ақпараттық сүйемелдеу жүйелі түрде жаңартылып жатыр, ресми ресурстар белсенді жүргізілуде, Кеңестің қызметі туралы материалдар күн сайын әлеуметтік желілерде жарияланады, сондай-ақ Кеңес төрағасының бастамасымен алғаш рет азаматтарды күн сайын қабылдау тәжірибесі енгізілді. Салыстыру үшін мынадай деректерді келтірейін: алдыңғы бес жылда барлығы 56 адам қабылданса, тек 2025 жылдың өзінде 220 азамат қабылданды, олардың басым бөлігін судьялар құрады, ал 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында 129 адам қабылданды», – деді спикер.

Кадрлық процестерді цифрландыру да негізгі бағыттардың біріне айналды. Қазір ол практикалық іске асыру кезеңінде. Судьяларды іріктеу бойынша ақпараттық жүйенің бес модулі әзірленді. Жылдың екінші жартысында конкурстарға құжат қабылдау үшін пилоттық жүйені іске қосу жоспарланып отыр, кейін цифрлық шешімдер біліктілік емтиханына да енгізіледі.

Біліктілік емтиханын академиялық адалдықты бақылауға арналған прокторинг жүйесін пайдалана отырып, онлайн форматта өткізу жоспарланып отыр.

Цифрландыру конкурстық рәсімдердің мерзімін қысқартуға, процестерді автоматтандыруға және адам факторының әсерін азайтуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ ол қағаз құжат айналымынан бас тартуға алып келеді. Қазір конкурстық рәсімдерге жыл сайын шамамен 150 мың парақ қағаз жұмсалады, цифрлық форматқа көшу олардан іс жүзінде толықтай бас тартуға және шешім қабылдау процесін жеделдетуге мүмкіндік береді.