Жоба ЖИ-ді білім беру жүйесіне енгізуге негізделген.
Фото: © istockphoto.com
ERNUR.KZ. Қазақстанда педагогтердің жұмысын жеңілдетуге және білім беру сапасын арттыруға бағытталған ұлттық білім беру платформасы іске қосылмақ. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігінің вице-министрі Асылбек Ахметжанов мәлімдеді, деп жазады Azattyq Rýhy.
Жоба жасанды интеллектіні білім беру жүйесіне жүйелі түрде енгізуге негізделген және мұғалімдерге түсетін әкімшілік әрі рутиналық жүктемені азайтуды көздейді.
Ұлттық білімберу платформасы қалай жұмыс істейді
Министрлік ұлттық цифрлық профильдер жүйесін және Ұлттық білім беру платформасын құруды бастап кеткен. Осы мақсатта Ұлттық білім беру деректер базасы жаңғыртылады.
Жаңартылған база электронды күнделіктер мен журналдарды қоса алғанда, барлық LMS жүйелері үшін бірыңғай деректер қоймасына айналады. Барлық мәлімет QazTech мемлекеттік бұлтты платформасында шоғырландырылады.
Бұл шешім білім беру деректерін орталықтандыруға және жүйелер арасындағы үйлесімділікті арттыруға мүмкіндік береді.
ЖИ мұғалімдердің жүктемесін азайтады
Жаңа платформа аясында ЖИ-агенттер енгізіледі. Олар педагогтерге педагогикалық кеңестерге дайындалу, есептер мен талдаулар жасау секілді күнделікті жұмыстарда көмек көрсетеді.
Бұл өз кезегінде мұғалімдердің негізгі міндетіне — оқыту сапасына көбірек көңіл бөлуіне жағдай жасайды.
«Qazaq Digital Mektebi» пилоттық жобасы
2026–2027 оқу жылынан бастап пилоттық өңірлерде шағын жинақты мектептерге арналған «Qazaq Digital Mektebi» жобасы іске қосылады. Бұл мектептерде ЖИ-репетиторлар қолданылады.
Сонымен қатар 2026 жылдың ішінде 200 мыңнан астам педагог практикалық ЖИ-дағдыларын меңгереді. Оқушылар арасында да жасанды интеллект сауаттылығын арттыруға ерекше мән беріледі.
Заңнамаға өзгерістер енгізіледі
2026 жылдың бірінші жартысында Оқу-ағарту министрлігі жанындағы жұмыс тобы білім беру саласында ЖИ қолдануға қатысты заңнамаға өзгерістер енгізу бойынша ұсыныстар әзірлейді. Сондай-ақ пилоттық жобалардың тиімділігі бағаланады.
Министрлік өкілдерінің айтуынша, бұл қадамдар педагогтердің жүктемесін азайтып қана қоймай, азаматтардың мемлекеттік қызметтерді алу процесін де жеңілдетеді.
Осылайша, Үкімет білім беру саласында цифрлық әрі технологиялық берік негіз қалыптастыруды көздеп отыр.


