Қазақстанда оқу несиесін 18 жасқа толмағандар да ала алады

0
111

Білім беру несиесінің ерекшелігі – мемлекет банктер беретін қарызға кепілдік ұсынады.


Қазақстанда оқу несиесін 18 жасқа толмағандар да ала алады

ERNUR.KZ. Қазақстанда оқу ақысын төлеуге арналған білім беру несиесін тек университет студенттері ғана емес, колледж оқушылары мен магистранттар да ала алады. Тіпті 18 жасқа толмаған талапкерлерге де мұндай несие рәсімдеуге мүмкіндік бар. Алайда банкке өтініш берген кезде белгілі бір талаптарды орындау қажет, деп жазады stan.kz.

“Қаржы орталығы” АҚ-ның мәліметінше, білім беру несиесі техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында, яғни колледждерде, жоғары колледждер мен училищелерде оқитындарға беріледі. Сондай-ақ бакалавриат, интернатура, магистратура, резидентура және докторантура студенттері де несие рәсімдей алады.

Білім беру несиесінің ерекшелігі – мемлекет банктер беретін қарызға кепілдік ұсынады. Бұл ретте “Қаржы орталығы” студенттерге ақшаны тікелей бермейді. Ол уәкілетті органның операторы ретінде банктер ұсынатын білім беру несиелеріне мемлекеттік кепілдік береді. Ал несиені беру туралы шешімді банк қабылдайды.

18 жасқа толмаған талапкерлер де білім беру несиесін рәсімдей алады. Бірақ бұл үшін ата-анасының немесе заңды өкілінің жазбаша келісімі қажет.

Сонымен қатар тұрақты жұмысы немесе табысы жоқ студенттердің өтініші де қаралады. Алайда мұндай жағдайда несие беру-бермеуді банк әр адамның жағдайына қарай жеке шешеді.

Банк өтінішті қарау кезінде бірнеше мәселеге назар аударады:

  • өтініш берушінің несие тарихы;
  • бұрын алған несиелері бойынша берешегінің бар-жоғы;
  • табысын растайтын құжаттар.

Егер банк қажет деп тапса, студенттен қосымша қарыз алушы тартуды сұрауы мүмкін. Бұл жағдайда қосымша қарыз алушы да несиені өтеуге жауапты болады.

Білім беру несиесін беру тәртібі Ғылым және жоғары білім министрінің 2023 жылғы 27 сәуірдегі №189 бұйрығымен және Оқу-ағарту министрінің 2023 жылғы 24 қазандағы №320 бұйрығымен бекітілген қағидалар арқылы реттеледі.

Осылайша, Қазақстанда білім беру несиесін колледжден бастап докторантураға дейінгі білім беру бағдарламаларында оқитындар рәсімдей алады. Бірақ мемлекеттік кепілдіктің болуы несие автоматты түрде беріледі дегенді білдірмейді. Өтініш берушінің талаптарға сәйкестігін тексеріп, соңғы шешімді банк қабылдайды.