Жаңа функцияны "Еңбек ресурстарын дамыту орталығы" АҚ әзірледі.
Фото: ЖИ/Kazinform.kz
ERNUR.KZ. Қазақстанда Skills Enbek платформасындағы жасанды интеллект негізінде жұмыс істейтін чат-бот енді азаматтардың кәсіби тәжірибесі мен дағдыларын ескеріп, өздеріне қолайлы онлайн курстарды ұсынады, деп жазады inbusiness.kz.
Егер азаматтың Enbek.kz Электрондық еңбек биржасында түйіндемесі болса, жасанды интеллект ондағы білімі, еңбек өтілі мен кәсіби дағдылары туралы мәліметтерді талдап, соған сәйкес келетін оқу курстарын ұсынады.
Ал түйіндемесі жоқ пайдаланушылар өздерінің кәсіби қызығушылықтары мен меңгергісі келетін дағдыларын көрсете алады. Чат-бот осы ақпарат негізінде бірнеше оқу нұсқасын ұсынады. Соңғы таңдауды азаматтың өзі жасайды.
– Мұндай жеке ұсыныстар біліктілікті арттыруға, қосымша дағдыларды меңгеруге немесе басқа мамандыққа ауысуға қажетті курсты табуға мүмкіндік береді. Платформада тегін де, ақылы да курстар бар, – деп хабарлады министрлік.
Қазір Skills Enbek платформасында 1,3 миллионнан астам пайдаланушы тіркелген. Мұнда әртүрлі бағыт бойынша 568 онлайн курс бар. Олардың 60 пайыздан астамы тегін. Платформа іске қосылғаннан бері 1,29 миллионнан астам сертификат берілген.
– 2026 жылдың алғашқы тоғыз айында 114,8 мыңнан астам қазақстандық онлайн курстарды сәтті аяқтады. Олардың 43,3 мыңы – жұмыссыз азаматтар. Оқуды аяқтаған пайдаланушыларға электрондық сертификат беріледі. Егер азаматтың Enbek.kz платформасында түйіндемесі болса, сертификат туралы мәліметтер оған автоматты түрде енгізіледі, – делінген хабарламада.
Осылайша жұмыс берушілер үміткердің қандай курстардан өткенін және қандай дағдыларды меңгергенін көре алады. Жасанды интеллект көмегімен оқу курстарын Skills Enbek платформасынан таңдауға болады.


