Балқашта екі бірдей жасөспірім қыз зорлық-зомбылық пен бопсалауға ұшыраған

0
71

Туыстарының айтуынша, оқиға жаз мезгілінде басталған.


Балқашта екі бірдей жасөспірім қыз зорлық-зомбылық пен бопсалауға ұшыраған

Фото: Kazinform/ЖИ

ERNUR.KZ. Балқашта 13 және 15 жастағы кәмелетке толмаған екі қызға қатысты қылмыстық іс тергеліп жатыр. Жәбірленушілердің жақындарының таратқан мәліметіне қарағанда, жасөспірімдер жыныстық зорлық-зомбылыққа ұшырап, қорқыту мен бейнежазбалар арқылы бопсалаудың құрбаны болған, деп жазады kaz.inform.kz

Туыстарының айтуынша, оқиға жаз мезгілінде басталған. Сол уақытта апалы-сіңлілі қыздар өздерінен жасы үлкен бойжеткенмен танысқан. Ол жасөспірімдермен жақын араласып, біртіндеп сенімдеріне кірген. Дәмханаға шақырып, сыйлықтар беріп, осылайша олардың көңілін аулаған.

Арада біраз уақыт өткен соң ол қыздарды үйіне дейін жеткізіп салуды ұсынған. Алайда көлікте одан бөлек бірнеше жігіт болған. Туыстарының мәліметінше, жол үстінде жасөспірімдер жыныстық зорлық-зомбылыққа ұшырап, болған оқиға бейнежазбаға түсірілген. Кейін сол жазбаларды жариялаймыз деп қорқытып, қыздарға қысым көрсеткен.

Жақындарының айтуынша, уақыт өте келе қорқыту мен бопсалау жасөспірімдерді еркінен тыс әрекеттерге мәжбүрлеу құралына айналған. Әкесі түнгі ауысымға жұмысқа кеткен кезде қыздарды үйден шығуға, ер адамдармен кездесуге мәжбүрлеген.

Бұған қоса, отбасы мүшелері жасөспірімдерге күш қолданылғанын айтады. Олардың сөзінше, қыздарды ұрып-соғып, денелеріне жарақат салған, қолдарын темекімен күйдірген. Бұл мәліметтер тергеу барысында тексеріліп, тағайындалған сараптамалар нәтижесінде тиісті құқықтық баға берілуге тиіс.

Оқиғаның беті қыздардың ағасы олардың бірінің ұялы телефонынан қорқыту сипатындағы хат-хабарларды байқап қалғаннан кейін ашылған. Осыдан соң қыздарын жалғыз өзі тәрбиелеп отырған әкесі полицияға арыз түсірген.

Қарағанды облысының Полиция департаменті аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, күдіктілердің ұсталғанын растады.

“ 16 қарашада Балқаш қаласының 55 жастағы тұрғыны қыздарына қатысты құқыққа қайшы әрекеттер жасалғаны туралы арызбен полицияға жүгінді. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде полицейлер күдіктілерді анықтап, ұстады. Құқыққа қайшы әрекеттердің әртүрлі уақытта және әртүрлі жерлерде жасалғаны анықталды. Ұсталғандардың барлығы уақытша ұстау изоляторына қамалды “, - деп хабарлады ведомство өкілдері.

Қазіргі уақытта тергеу жұмыстарына облыстық полиция департаментінің тәжірибелі қызметкерлері тартылған. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысы департамент басшылығының ерекше бақылауында.

Құқық қорғау органдары тергеу мүддесіне байланысты істің өзге де жай-жапсарын жария етпей отыр. Полиция мәліметінше, Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректері жария етуге жатпайды.

Қазір тергеу амалдары жалғасып жатыр. Іс бойынша бірқатар сараптама тағайындалған.