Қазақстанда коттеджі мен жол талғамайтын көлігі бар зейнеткер қызынан алимент талап етті

0
75

Ол тұрғын үй мен дәрі-дәрмек үшін қаржылық көмекке мұқтаж екенін, бірақ қызы оны асырамайтынын айтты.


Қазақстанда коттеджі мен жол талғамайтын көлігі бар зейнеткер қызынан алимент талап етті

ERNUR.KZ. Балқашта зейнеткер қызына қарсы 10 АЕК не 43 250 теңге алимент өндіріп алу туралы талап арыз берді, деп жазады stan.kz.

Ол тұрғын үй мен дәрі-дәрмек үшін қаржылық көмекке мұқтаж екенін, бірақ қызы оны асырамайтынын айтты.

"Неке және отбасы туралы" Кодекстің 145-бабына сәйкес, ересек балалары көмекке мұқтаж мүгедек ата-аналарын асырауға міндетті.

Қарағанды облысының Балқаш қалалық соты егде жастағы әкенің 128 229 теңге зейнетақы төлемдерін алғанын және екі қабатты үй мен Mitsubishi Montero Sport көлігінің иесі екенін анықтады.

Қызы екі баланы жалғыз тәрбиелеп отырғанын, алимент алмайтынын және 85 000 теңге жалақыға сатушы болып жұмыс істегенін түсіндірді.

Оның айтуынша, әкесіне қаржылық көмек қажет емес, себебі ол коттеджде жалғыз тұрады, көлігі бар, зейнетақы алады және тек дәрумен ішеді.

Сот талапкердің мұқтаж адамдар санатына кірмейтінін атап өтті.

“Зейнеткер тұрақты медициналық шығындардың, үнемі күтімге мұқтаж немесе негізгі қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін қаражаты жеткіліксіз екені жөнінде сенімді дәлелдерін ұсынбаған. Сонымен қатар оның ұлы қаржылық көмек көрсететіні анықталды”, – делінген хабарламада.

Сондай-ақ сот талапкердің зейнетақысы ең төменгі жалақыдан асып кеткенін және тараптар арасында дұшпандық пайда болғанын ескерді. Бұл соттың пікірінше, талап арыз беруге себеп болды.

Сот жағдайды ескере келе, талап арызды қанағаттандырған жоқ.

Сот шешіміне шағым түскен жоқ және ол заңды күшіне енді.