Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин салық реформасы шеңберінде ҚҚС сараланған мөлшерлемелерін белгілеу жөніндегі Үкіметтің ұсыныстарын айтты.
Фото:depositphotos.com
ERNUR.KZ. Қазақстан үкіметі қосымша құн салығының (ҚҚС) мөлшерлемесін өзгерту туралы мәлімдеме жасады, деп жазады tengrinews.kz.
Кездесу "Атамекен" ҰКП қолдауымен ұйымдастырылды, оған бизнестің, қауымдастықтардың, қоғамдық және салалық бірлестіктердің 150-ден астам өкілі қатысты.
Өз кезегінде ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин салық реформасы шеңберінде ҚҚС сараланған мөлшерлемелерін белгілеу жөніндегі Үкіметтің ұсыныстарын айтты.
"Біз мынадай тетікті қарастыруды ұсынамыз: жалпы белгіленген ҚҚС мөлшерлемесі 16 пайыз, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерді ҚҚС-тан толық босату, ал бірқатар салалар үшін – 10 пайыз мөлшеріндегі аралық мөлшерлеме. Осылайша, Үкімет ұсынып отырған мөлшерлемелерді саралау: 16 пайыз, 10 пайыз, 0 пайыз және босату", - деп түсіндірді Азамат Әмрин.
Сондай-ақ кездесуде жеңілдетілген декларация мен бөлшек салық режимін, оның мәні – кіріс шегін жылына 600 мың АЕК (2 млрд 359 млн теңге) мөлшерінде сақтай отырып, қайта қарау бойынша ұсыныстар айтылды. Негізгі өзгеріс – бұл режимді тек B2C сегментінде (бөлшек саудада) жүзеге асыру. Жұмысшылар саны бойынша шектеуді алып тастау ұсынылды. Кәсіпкердің сатудан түскен табысы жылына 100 млн теңгеден асатын болса, салық салынатын табысты еңбекақы қоры (еңбекақы төлеу қоры) сомасына азайту мүмкіндігі көзделген. Осылайша, 100 млн теңге шегі жалақыны ақтауға ынталандыруға мүмкіндік береді. Бұл ретте бөлшек салықтың 4 пайыз мөлшерлемесі (мәслихаттардың 50 пайызға төмендету мүмкіндігімен) сақталады.
Салық реформасын іске асыру кезінде ел бюджетіне түсетін салық түсімдері жыл сайын 4-5 трлн теңгеге артады деп күтіледі. Бұл қаражат Ұлттық қорға тәуелділікті азайтуға; мемлекеттік қарыз деңгейін төмендету және инвестициялық жобаларды несиелеуге, даму институттарын нығайтуға, тұрғын-үй коммуналдық шаруашылықты, жылу-энергетика жүйесін жаңғыртуға қосымша ресурстарды бағыттауға көмектеседі.