2025 жылдың басынан бері республикалық бюджеттен бала тууына байланысты біржолғы жәрдемақыны 312,2 мың адам алған.
Ulysmedia.kz коллажы
ERNUR.KZ. 2025 жылы Қазақстанда бала тууына және бір жарым жасқа дейінгі бала күтіміне арналған жәрдемақыларды 535,4 мың адам алған. Жалпы төлем көлемі 749 млрд теңге болды, деп жазады ulysmedia.kz.
Бала тууына берілетін біржолғы жәрдемақы
2025 жылдың басынан бері республикалық бюджеттен бала тууына байланысты біржолғы жәрдемақыны 312,2 мың адам алған. Бұл мақсатқа 56,4 млрд теңге бағытталған. Тек қараша айында 26,1 мың адамға 4,8 млрд теңге төленді.
Жәрдемақы бала туған, асырап алған немесе қамқоршылыққа алған жағдайда Қазақстан азаматтарына, қандастарға және елде тұрақты тұратын шетел азаматтарына беріледі.
Төлем мөлшері отбасындағы балалар санына және айлық есептік көрсеткішке (АЕК) байланысты есептеледі:
- бірінші, екінші және үшінші балаға – 38 АЕК (149 416 теңге);
- төртінші және одан кейінгі балаларға – 63 АЕК (247 716 теңге).
1,5 жасқа дейінгі бала күтіміне арналған жәрдемақы
Бұл жәрдемақы міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатыспайтын, бала күтімімен отырған адамдарға төленеді. Жыл басынан бері оны орта есеппен 125 мың адам алған, жалпы сома 40,2 млрд теңгені құрады. Қараша айында 127,8 мың адамға 3,7 млрд теңге төленді.
Ай сайынғы төлем мөлшері:
- бірінші балаға – 5,76 АЕК (22 648 теңге);
- екінші балаға – 6,81 АЕК (26 777 теңге);
- үшінші балаға – 7,85 АЕК (30 866 теңге);
- төртінші және одан көп балаға – 8,90 АЕК (34 995 теңге).
2025 жылдың басынан бастап барлық мемлекеттік жәрдемақылар 6,5 пайызға индекстелген.
Жұмыс істейтін ата-аналарға әлеуметтік төлемдер
Жұмыс істейтін азаматтарға Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (МӘСҚ) жүктілік пен босануға, сондай-ақ жаңа туған баланы асырап алған жағдайда біржолғы әлеуметтік төлем тағайындалады. Оның мөлшері соңғы 12 айдағы орташа айлық табыс пен декреттік демалыс ұзақтығына байланысты.
Жыл басынан бері бұл төлемді 187,2 мың адам алған, жалпы сома 260 млрд теңгені құрады. Қараша айында 15,3 мың адамға 14,6 млрд теңге төленген. 11 айдағы орташа төлем мөлшері – 1,43 млн теңге.
Әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыларға бала күтімі бойынша төлем
Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысатын азаматтарға 1,5 жасқа дейінгі бала күтімі үшін ай сайын төлем тағайындалады. Оның мөлшері соңғы екі жылдағы орташа айлық табыстың 40 пайызына тең. Егіз немесе одан көп бала туған жағдайда төлем әр балаға жеке-жеке беріледі.
2025 жылдың 11 айында бұл қолдау шарасын 223,2 мың адам алған. Жалпы төлем көлемі 392,4 млрд теңгеге жетті. Қараша айында 14,9 мың адамға 33,8 млрд теңге төленген. Орташа айлық төлем – 86 221 теңге.


