Енді Қазақстанда берілген дипломдардың сол елдерде танылуы (нострификация) маңызды болып отыр.
Фото: Туризм және спорт министрлігі
ERNUR.KZ. Қазақстанда алғаш рет Азиядан келген шетелдік студенттер саны ТМД студенттерінің санынан асып түсті. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Мәжілісте айтты, деп жазады inform.kz.
– Қазақстанның өңірлік академиялық хаб ретінде қалыптасу үшін жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бүгінде елімізде 31 500 шетелдік студент оқып жүр, бұл тарихи рекорд. Алғаш рет Азиядан келген студенттер саны ТМД студенттерінің санынан асып түсті. Биылғы оқу жылында Қытайдың өзінен екі мыңнан астам студент келді. 2029 жылға қарай олардың санын 100 мыңнан асыруды жоспарлап отырмыз, – деді С. Нұрбек Мәжілістегі баяндамасында.
Бұл үшін көптеген елде Study in Kazakhstan білім көрмесі өтіп тұрады. Биыл Лондонда алғаш рет Bett Show 2025 көрмесінде Қазақстанның ұлттық білім павильоны ұсынылған.
Биыл білім көрмелері Ұлыбритания, Әзербайжан, Пәкістан және Қытайда өткен. Ал 2026 жылы Вьетнам, Үндістан, Индонезия, Біріккен Араб Әмірлігі, Қатар, Түркия, Моңғолия, Марокко және басқа елдерде өтеді.
Министрдің айтуынша, қазір қырықтан астам серіктестермен келісім орнатылған. Қазақстанда шетелдік 33 ірі университеттің филиалдары ашылды. Оған қоса, Ресейде, Өзбекстанда, Қырғызстанда және Тәжікстанда жетекші қазақстандық ЖОО филиалдары құрылған.
Енді Қазақстанда берілген дипломдардың сол елдерде танылуы (нострификация) маңызды болып отыр.
Айта кетейік, Қазақстанда берілген дипломдар Азия-Тынық мұхиты елдерінде танылатын болды. Мәжіліс депутаттары Жоғары білім беру саласындағы біліктілікті тану туралы Азия-Тынық мұхиты өңірлік конвенциясын ратификациялады.


