Қазақстанда әуе таксиі мен дрондарды басқарудың жаңа жүйесі енгізіледі

0
107

Көлік саласын цифрландыруға бағытталған келісім Қазақстан Президентінің Кореяға мемлекеттік сапары аясында жасалды.


Қазақстанда әуе таксиі мен дрондарды басқарудың жаңа жүйесі енгізіледі

Фото: nur.kz

ERNUR.KZ. Қазақстанда қалалық әуе мобильділігін, ұшқышсыз авиацияны және төмен биіктіктегі әуе кеңістігін цифрлық басқару технологияларын дамыту жоспарланып отыр. Бұл бағытта Корея Республикасымен жаңа уағдаластықтарға қол жеткізілді, деп жазады inbusiness.kz.

Көлік саласын цифрландыруға бағытталған келісім Қазақстан Президентінің Кореяға мемлекеттік сапары аясында жасалды.

Қазақстанның Көлік министрлігі, Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі және Корея Республикасының Жер, инфрақұрылым және көлік министрлігі арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.

Құжатқа Премьер-Министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев, Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев және Кореяның Жер, инфрақұрылым және көлік министрі Ким Юн Док қол қойды.

Меморандум аясында ұшқышсыз авиациялық жүйелердің қозғалысын басқаруға арналған UTM жүйесін әзірлеп, Қазақстанда енгізу көзделіп отыр. Сондай-ақ осы бағытта толыққанды үкіметаралық келісім әзірлеу мүмкіндігі қарастырылады.

Жобаны жүзеге асыруда Кореяның Korea Airports Corporation мемлекеттік корпорациясы мен қазақстандық Alatau Advance Air Group Ltd. компаниясы серіктес болады.

Ынтымақтастық аясында Қазақстанға төмен биіктіктегі әуе кеңістігін басқаруға арналған цифрлық шешімдер беріліп, олар жергілікті жағдайға бейімделеді. Сонымен қатар дрондар, eVTOL әуе кемелері және әуе көлігінің өзге де түрлерін бірыңғай цифрлық жүйеге қауіпсіз біріктіруге қажетті технологиялық база қалыптастырылады.

Министрлік жаңа технологияларды енгізу үшін жобаға қатысушыларға эксперименттік құқықтық режим мен мемлекеттік қолдау шараларын қолдану мүмкіндігін де қарастырады.

Жоба барысында халықаралық азаматтық авиация стандарттары, сондай-ақ Қазақстанның авиациялық қауіпсіздік, киберқауіпсіздік және аса маңызды инфрақұрылымды қорғау талаптары ескеріледі.

Жоспарға әуе қозғалысын цифрлық басқару жүйесін, eVTOL ұшақтарына арналған инфрақұрылымды, вертипорттар мен ұшқышсыз логистика шешімдерін дамыту кіреді.

Алатау City Қазақстандағы UTM технологияларын тәжірибеде енгізіп, заманауи әуе мобильділігі экожүйесін қалыптастырудың алғашқы алаңына айналмақ.