Қазақстанда AliExpress, Amazon және Temu арқылы жасалатын сатып алулардың ережесі өзгереді

0
105

Еуразиялық экономикалық комиссия кеңесі қаңтар айында шетелдік интернет-сатып алуларға қатысты жаңа ережелерді бекіткен болатын.


Қазақстанда AliExpress, Amazon және Temu арқылы жасалатын сатып алулардың ережесі өзгереді

Фото: magnific.com
ERNUR.KZ. Қазақстанда шетелдік интернет-дүкендер мен маркетплейстерден тауар сатып алу тәртібіне өзгерістер енгізіледі. Енді шетелден онлайн тапсырыс берілетін тауарларға міндетті кедендік баж салығы қолданылмақ, деп жазады Stan.kz.

Еуразиялық экономикалық комиссия кеңесі қаңтар айында шетелдік интернет-сатып алуларға қатысты жаңа ережелерді бекіткен болатын. Бұл өзгерістер Қытай, АҚШ және Еуропа елдерінен жеткізілетін тауарларға қатысты. Қазақстан бұл бастаманы қолдап, енді оны ұлттық заңнамаға енгізуді көздеп отыр. Тиісті заң жобасы Мәжілісте бірінші оқылымда мақұлданды.

Мәжіліс депутаты Константин Авершиннің айтуынша, бұған дейін Кеден кодексіне өзгерістер енгізу туралы хаттама ратификацияланған, енді ұлттық заңнама соған сәйкестендіріліп жатыр.

Жаңа ережеге сәйкес, шетелдік маркетплейстерден сатып алынатын тауарлар енді жеке пайдалануға арналған тауарлар емес, "электрондық сауда тауарлары" деген жеке санатқа жатқызылады. Осыған байланысты олар үшін бөлек кедендік баж, салық және арнайы декларация енгізіледі.

Баж салығы қалай есептеледі?

ЕАЭО елдерінде бажсыз әкелу шегі бұрынғыдай 200 еуро (114 400 теңге) болып қалады. Алайда бұл сомадан асқан жағдайда есептеу тәртібі өзгереді.

  • Құны 200 еуроға дейінгі тауарларға баж салығы салынбайды;
  • Құны 200 еуродан асатын тауарларға бүкіл құнының 5 пайызы көлемінде баж салығы салынады;
  • Сонымен қатар 16 пайыз көлемінде қосылған құн салығы (ҚҚС) төленеді;
  • Ең төменгі баж мөлшері – әр килограмға 1 еуро.

Мысалы, тауар құны 250 еуро (143 000 теңге) болса, бұрын баж тек 50 еуроға (28,6 мың теңге) есептелсе, енді 5 пайыздық баж толық 250 еуро сомасына салынады.

Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмриннің сөзінше, өзгерістер азаматтардың басым бөлігіне әсер етпейді.

"Қазір сәлемдемелердің 97 пайыздан астамының құны 200 еуродан аспайды. Сондықтан бұл өзгерістер халықтың көпшілігіне қосымша салмақ түсірмейді", – деді ол.

Ерекше тәртіп қолданылатын тауарлар

Кейбір тауарлар үшін арнайы мөлшерлемелер белгіленген:

  • жеңіл автокөліктерге баж бұрынғы тәртіппен есептеледі;
  • электромобильдерге, мотоциклдерге, яхталар мен қайықтарға 15 пайыздық бірыңғай мөлшерлеме қолданылады.

Ал мына тауарларды интернет-сатып алу ретінде рәсімдеуге болмайды:

  • алкоголь өнімдері;
  • темекі бұйымдары;
  • асыл тастар мен бағалы металдар;
  • арнайы рұқсат талап етілетін тауарлар.

Мұндай өнімдер стандартты кедендік декларация арқылы рәсімделеді.

Жаңа ережелер не үшін енгізілді?

Бұған дейін шетелден әкелінетін көптеген тауарлар жеке пайдалануға арналған өнім ретінде рәсімделіп келген. Бұл мүмкіндікті кейбір кәсіпкерлер қайта сату үшін пайдаланып, салық төлеуден жалтарған. Соның салдарынан мемлекет бюджеті шығынға ұшырап, жергілікті сатушылар шетелдік маркетплейстермен бәсекеде қолайсыз жағдайға тап болған.

Осыған байланысты электрондық сауда тауарлары үшін жеке құқықтық режим енгізіліп отыр. Бұған дейін Қазақстан азаматтарын шетелдік маркетплейстерден сатып алған тауарларын декларациялауға міндеттеу мәселесі де көтерілген еді.