2025 жылдың шілдесінде ол Telegram-нан донор іздеу туралы хабарландыруды көріп, бүйрегін 50 мың АҚШ долларына сатуға келісім жасаған.
фото:tengrinews.kz.
ERNUR.KZ. Павлодарда бүйрегін сатуға әрекеттенген шетелдік әйелге қатысты сот үкімі шықты. Шешім жарияланғаннан кейін айыпталушы сот залынан босатылды, деп жазады tengrinews.kz.
Калуганың 37 жастағы тұрғынына 24-баптың 3-бөлігі және 116-баптың 1-бөлігі бойынша айып тағылған. Сот кеңсесінің мәліметінше, Ресей азаматы 2024 жылдың аяғында бүйрегін сатып алушыны іздей бастаған. Ол үнемі органдарды сататын әртүрлі веб-сайттарды бақылап отырған.
2025 жылдың шілдесінде ол Telegram-нан донор іздеу туралы хабарландыруды көріп, бүйрегін 50 мың АҚШ долларына сатуға келісім жасаған. Келісім бойынша трансплантация Павлодарда өтуі тиіс болған.
Алайда хат алмасқан "сатып алушы" құқық қорғау органдарының жедел іс-шарасы аясында әрекет еткен жасырын тұлға болып шықты. Әйел Астана арқылы Павлодарға келіп, пәтер жалдап, медициналық тексеруден өтіп, мәміленің аяқталуын күткен.
17 шілдеде шартты сатып алушы айыпталушыға 5 миллион теңге көлемінде алдын ала төлем берген. Аталған қаражаттың бір 20 мың теңгелік купюрадан басқасы муляж болған. Ақша берілген сәтте әйел ұсталды.
Фото Polisia.kz
Сот барысында айыпталушы кінәсін толық мойындап, прокурормен процессуалдық келісім жасады. Сот оның кәмелетке толмаған балалары бар екенін және ауырлататын мән-жайлардың жоқтығын ескерді.
Нәтижесінде сот шетелдік азаматшаны 10 айға бас бостандығынан айыруға үкім шығарды. Алайда қамауда өткізген уақытын есепке ала отырып, жазаны өтеген деп танып, босатты.
Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.


