Қазақстандағы ағза донорлығы жүйесі 40-тан астам донорлық ұйымды, 5 HLA-зертхананы және 11 трансплантация орталығын біріктіреді.
ERNUR.KZ. Өткен жылдан бері трансплантация орталықтарының саны 9-дан 11-ге дейін артты. Атап айтқанда, Алматы қаласында бірқатар клиника лицензия алып, жүрек трансплантациясымен айналыса бастады. Сонымен қатар Шымкент, Қызылорда және Ақтөбе қалаларында өңірлік трансплантация орталықтарының желісі дамып келеді. Бұл туралы ҚР ДСМ Трансплантацияны және жоғары технологиялық медициналық қызметтерді үйлестіру жөніндегі республикалық орталығының директоры Айдар Ситказинов ОКҚ алаңында өткен дөңгелек үстелде мәлімдеді.
Оның айтуынша, барлық жұмысты өңірлерге жетекшілік ететін үш республикалық үйлестірушісі бар Трансплантацияны үйлестіру жөніндегі республикалық орталық жүзеге асырады. Өңірлерде жүйенің жұмысын 20 өңірлік және шамамен 30 стационарлық үйлестіруші қамтамасыз етеді. Олардың басым бөлігі – реаниматолог дәрігерлер.
Қайтыс болған донорлардан ағза трансплантациясының басым бөлігі 2015–2017 жылдары жүргізілген. Кейін пандемияға байланысты, сондай-ақ 2020 жылы қайтыс болғаннан кейінгі донорлыққа адамның өзінің ерік білдіруін немесе оның туыстарының рұқсатын міндетті түрде талап ететін «сұратылған келісім» қағидаты енгізілгеннен кейін көрсеткіштер төмендеді.
«Соңғы жылдары операциялар саны қайтадан артып келеді. 2025 жылы елімізде қайтыс болған донорлардан 68 трансплантация және бүйрек немесе бауырдың бір бөлігін трансплантациялауды қамтитын 242 туыстық трансплантация жасалды. 2026 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша сегіз қайтыс болған донор тіркеліп, олардан 30 трансплантация жүргізілді, сондай-ақ тірі донорлардың қатысуымен тағы 121 трансплантация орындалды», – деді спикер.
Оның айтуынша, Қазақстанда қайтыс болғаннан кейінгі донорлық «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекспен реттеледі. Кодекстің 209-бабына сәйкес, әрбір кәмелетке толған азамат емхана немесе eGov порталы арқылы қайтыс болғаннан кейінгі донорлыққа келісімін немесе бас тартуын дербес білдіре алады. Сонымен қатар электрондық қызмет арқылы барлық ағзаны немесе олардың жекелеген түрлерін, мысалы, жүректі, өкпені немесе бауырды алуға келісім беруге болады.
Қайтыс болғаннан кейінгі донор ретінде тек ми өлімі диагнозы ресми түрде қойылған кәмелетке толған адам ғана бола алады. Басқа диагноздар кезінде ағзаларды алу жүргізілмейді. Бұдан бөлек, қайтыс болғаннан кейінгі донорлық мәселесін қарау кезінде туыстарының пікірі де ескеріледі.


