Қазақстанда 2027–2029 жылдарға арналған адам саудасына қарсы күрес жоспары әзірленуде

0
84

ІІМ адам саудасы фактілерін анықтау және жолын кесу жұмыстары аясында интернетке мониторинг жүргізеді.


Қазақстанда 2027–2029 жылдарға арналған адам саудасына қарсы күрес жоспары әзірленуде

ERNUR.KZ. Жыл басынан бері Мәдениет және ақпарат министрлігіне бұғаттау үшін 8 мыңға жуық интернет-ресурс материалдары жіберілді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен дөңгелек үстелде ҚР ІІМ Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаменті Үшінші басқармасының бастығы Самат Кұсетов хабарлады.

Жалпы, ІІМ мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, 2027-2029 жылдарға арналған Адам саудасына байланысты қылмыстардың алдын алу, болдырмау және оларға қарсы күрес жөніндегі іс-шаралар жоспарын әзірлеуге қатысуда.

Халықаралық көші-қон ұйымының қолдауымен адам саудасының құрбандарын анықтау және оларға көмек көрсету үшін бағыттау бойынша стандартты операциялық процедуралар дайындалды. ЕҚЫҰ Офисінің ықпал етуімен адам саудасының белгілері мен оған байланысты тәуекелдер туралы ақпараттық материалдар әзірленді.

Биыл ІІМ Қарағанды академиясымен бірлесіп, жедел уәкілдер мен тергеушілерге арналған біліктілікті арттыру курстары өткізілді. Сондай-ақ Қазақстанның ТМД, Оңтүстік-Шығыс Азия және Таяу Шығыс елдеріндегі консулдықтары мен елшіліктерінің қызметкерлері, сондай-ақ қалалық алқалардың адвокаттары үшін онлайн-тренингтер ұйымдастырылды.

Зардап шеккендерге көмек көрсетуге ерекше көңіл бөлінеді. Кайта бағыттау механизмі аясында адам саудасының 15 құрбаны көмек алды. Оның ішінде 11-іне адвокаттардың заңгерлік консультациялары, төртеуіне арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетілді. 29 жәбірленуші мемлекеттік қорғаумен қамтамасыз етілді.

Ауылдық жерлерде мәжбүрлі еңбектің алдын алу жұмыстары да жалғасуда.

Бас прокуратурамен және Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірлесіп, мобильді топтар бірінші жартыжылдықта аудандар мен ауылдарға 155 рет шықты. Алдын алу жұмыстарымен 8 мыңнан астам адам, соның ішінде ауыл тұрғындары, шаруа қожалықтарының басшылары мен жұмысшылары қамтылды.

«Бұдан бөлек, Оқу-ағарту министрлігімен бірлесіп кәмелетке толмағандарды жезөкшелікпен айналысуға және өзге де жыныстық сипаттағы қызметтер көрсетуге тартудың алдын алу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес бөліністері қызметкерлерінің қатысуымен 177 оқу орнында: 10 жоғары оқу орнында, 71 техникалық және кәсіптік білім беру ұйымында және 96 мектепте сынып сағаттары, дәрістер мен кездесулер өтті», - деп хабарлады спикер.

Жыл басынан бері БАҚ пен интернетте адам саудасы проблемасына арналған 1,5 мыңға жуық тақырыптық материал жарияланды. Олардың қатарында сұхбаттар, деректі фильмдер, әлеуметтік роликтер мен ақпараттық жарияланымдар бар.