Қазақстан жұмыссыздық деңгейі бойынша Ресей мен Қырғызстанды басып озды

0
98

Соңғы бес жылда, яғни 2020 жылғы қыркүйектен бері тіркелген жұмыссыздар саны 4 млн 63 мың адамнан шамамен 698 мыңға дейін қысқарған.


Қазақстан жұмыссыздық деңгейі бойынша Ресей мен Қырғызстанды басып озды

ЖИ / ulysmedia.kz

ERNUR.KZ. Еуразиялық экономикалық одаққа (ЕАЭО) мүше елдерде жұмыссыздық деңгейі соңғы жылдардағы ең төменгі көрсеткішке түсті. Алайда ресми деректер өскен жалғыз ел – Қазақстан болып отыр, деп жазады ulysmedia.kz.

Еуразиялық экономикалық комиссия дерегінше, соңғы бес жылда, яғни 2020 жылғы қыркүйектен бері тіркелген жұмыссыздар саны 4 млн 63 мың адамнан шамамен 698 мыңға дейін қысқарған. Осылайша, ЕАЭО аумағында жұмыссыздық 5,8 есеге азайған.

Аймақта тіркелген жұмыссыздық деңгейі 1,3%-дан 0,8%-ға дейін төмендеген. Ал Халықаралық еңбек ұйымы әдістемесіне сәйкес есептелетін жұмыссыздық 5,9%-дан 2,7%-ға дейін қысқарып, Одақ елдерінің көрсеткіштері дамыған экономикалар деңгейіне жақындай түскен.

Ең жоғары жұмыссыздық деңгейі Арменияда – 12,3%. Одан кейін Қазақстан (4,6%), Қырғызстан (3,7%), Беларусь (2,4%) және Ресей (2,2%) орналасқан.

Қазақстан – ЕАЭО елдері арасында ресми жұмыссыздық көрсеткіші артқан жалғыз мемлекет. Соңғы мәліметтерге сәйкес, бұл көрсеткіш бірден 59,3%-ға өсіп, 2021 жылғы қыркүйектегі 210,1 мың адамнан өткен жылдың қыркүйегінде 334,7 мың адамға жеткен.