Қазақстан су тапшылығымен қалай күресіп жатыр?

0
67

20 жылдан кейін әлем халқының 50 пайыздан астамы су тапшылығын сезінуі ықтимал.


Қазақстан су тапшылығымен қалай күресіп жатыр?

фото: orda.kz

Қазір бүкіл дүниежүзінде су ресурстары проблемасы өте өзекті. Бұл жағдайға бір жағынан жаһандық жылыну, екінші жағынан жер бетіндегі халық санының көбейе түсуі ықпал етіп, мәселенің ушығуына әсерін тигізіп жатыр. Ашық дереккөздердегі ақпараттарға сүйенсек, бүгінгі таңда 2 млрд 200 млн-ға жуық адам сапалы ауыз суға зәру екен. Ал, 20 жылдан кейін әлем халқының 50 пайыздан астамы су тапшылығын сезінуі ықтимал.


Әлемдік су тапшылығы және Қазақстан

Негізінде, бұл проблеманың туындауына көптеген жағдай әсерін тигізеді. Олардың қатарына, ауыз судың агросекторда қолданылуы, судың тиімсіз пайдаланылуы, бірнеше елдің аумағынан өтетін өзендердің суына деген талас-тартыс және т.б. жағдайларды қосуға болады. Ең маңыздысы – бұл проблемалардың Қазақстан үшін де өзекті болып отырғандығы. Өйткені, Қазақстан аумағына енетін су ресурстарының жартысына жуығы шекаралас елдерге тәуелді. Оның үстіне отандық ауыл шаруашылығы саласына суды үнемдеп пайдалану технологиялары толықтай енгізіле қойған жоқ. Яғни, қысым да қатты, ысырап та көп.


Сондықтан Қазақстан әлемдегі өзге де елдер секілді су шығынын азайтатын заманауи технологияларды қолданысқа енгізуге, су қорын тазарту арқылы қайта пайдалануға, трансшекаралық өзендер ресурсын ортақ келісіммен тұтынуға және су қорын жинайтын қоймаларды салу мен жаңғыртуға басымдық беріп отыр.


Қазақстан проблеманы қалай жеңбек?

Ел Үкіметінің ресми порталында жарияланған деректерге сүйенсек, осы онжылдық түгесілгенше Қазақстан аумағында қырықтан астам жаңа су қоймасын тұрғызу және қырыққа жуық су нысанын қайта жаңғырту жоспарланған. Мұндағы мақсат – Қазақстанның су саласындағы қауіпсіздігін сақтау, егістік көлемін одан сайын ұлғайту және ауыл-аймақты су апатынан сақтандыру. Биылғы жылдың басындағы ресми ақпараттарға сүйенсек, бүгінге дейін жоспарға енгізілген нысандардың үшеуінде құрылыс жұмыстары толық орындалған. Әсіресе, еліміздің оңтүстігіндегі Түркістан және Жамбыл облыстарында жұмыс қарқыны жоғары екендігі байқалады. Батыс Қазақстан облысында да екі бірдей су қойма бой көтереді. Осы орайда, аталған жобаларды іске асыруға Дүниежүзілік банк, Азия даму банкі сынды халықаралық деңгейдегі бірлестіктер үлес қосып жатқанын атап өту керек. Сонымен қатар, 2030 жылға дейін ел аумағындағы жалпы ұзындығы 14000 шақырымды құрайтын су арналары жөнделіп, 120-ға жуығы сандық жүйеге қосылмақ. Ал, су үнемдеу технологиялары енгізілген егістік көлемі 420 000 гектарға жеткізіледі деп жоспарланған. Оған қоса, елімізде су саласын терең меңгерген мамандарды даярлауға ерекше көңіл бөлініп, жаңа оқу орындарын ашу бағытында қарқынды жұмыс жүріп жатыр. Демек, Қазақстан бұл проблеманы еңсеруге мүмкіндік беретін барлық жолдарды қарастыру үстінде.


Министрліктің жобалары нәтиже бере ме?

Жыл басында Су ресурстары және ирригация министрінің жетекшілігімен маңызды жұмыс отырысы өткен болатын. Ведомствоның баспасөз қызметі хабарлағандай, сол жиында Су ресурстарының ұлттық ақпараттық жүйесін жетілдіру жұмыстарының шамамен 80 пайызы орындалғаны мәлім болды. Ақпараттық жүйе жұмыстары екінші жартыжылдықта толықтай аяқталып, өнеркәсіптік негізде қолданысқа берілмек.

Сондай-ақ, елімізде суармалы су қорын әділ әрі ашық үлестіру мақсатында жаңа биллинг жүйесі іске қосылмақ. Пилоттық режимде іске қосылатын жүйе арқылы су ресурсын қолданушылар «Қазсушарға» өтінім беру, келісімшарт түзу, есептесу қызметтерін цифрлық формат арқылы қолдана алады.

Сонымен бірге, биыл ведомство «Қазсушар» меншігіндегі 86 су арнасын сандық жүйеге өткізуді бастайды. Бұл каналдарда осыған дейін жаңғырту жұмыстары жүргізілген. Цифрлық жоба аясында құрылғылар мен жабдықтарды автоматтандыру, су деңгейі мен көлемін есептейтін сандық құрылғылар орнатылады. Жалпы, 500 шақырымнан астам су арнасы цифрлық форматқа көшіріледі.

Одан бөлек, оңтүстік аймақтардағы 100-ден астам каналды да йифрландыру жұмыстары басталмақ. Осылайша, келер жылға дейін жалпы ұзындығы 900 шақырымнан асатын су арналары жаңартылатын болады.

Министрлік қазір су тұтыну көлемін ерте болжауға мүмкіндік беретін жүйені де әзірлеу үстінде. Жаңа бастама аясында оңтүстіктегі ирригация ахуалына қатысты деректер түзіліп, егістік көлемі нақтыланады. Бұл жүйе де су саласындағы негізгі үрдістерді цифрландыруға, ғарыштық бақылаудың көмегімен суды заңсыз қолдану жағдайларын анықтауға бағытталған.

Ведомствоның ресми ақпаратына сүйенсек, жуырда Түркістан өңіріндегі «Қарақуыc», «Бәйдібек ата» су қоймаларының құрылысы соңына жетеді. Бұл нысандар таудан аққан тасқын суды тиімді қолдануға мүмкіндік беріп, өзге де қоймалардағы су деңгейін қалыпты күйде сақтауға ыпқал етеді.


Министрлік су инфрақұрылымын жақсартып жатыр ма?

Жалпы, өткен жылы министрлік су шаруашылығы инфрақұрылымын жетілдіруге бағытталған 150-ге жуық жобаны қолға алып, оның 53-і аяқталған: 677 шақырым ирригация жүйесі мен төрт су қоймасы жаңғыртылды, 15 топтық су құбыры салынды және жөнделді. Қазіргі таңда ел өңірлерінде 7 су қоймасының құрылысы жүріп жатса, тағы 5 қойманы салу бойынша жоба әзірлену үстінде. Ал 2026 жылдың басында 46 жоба аяқталып, 500 шақырымнан астам су арнасы жаңғыртылды. Биыл жалпы 12 жоба аяқталып, пайдалануға берілмек. Бүгінгі таңда су қорын тиімді жолдармен басқару, су нысандарын жаңғырту, агросектор мен өнеркәсіп саласын қамтамасыз ету мақсатында кешенді жұмыстар жүріп жатыр. Қолға алынған жұмыстар нәтижесінде көлемі 2,6 миллиард текше метр болатын тасқын суды жинау, 300 мың гектарға жуық егістікті қолданысқа енгізу, трансшекаралық өзендер ресурсына тәуелділікті 15 пайызға азайту, су шығынын 35 пайызға дейін төмендету мүмкіндіктері жасалмақ.


Қорыта айтқанда, аталған ауқымды жұмыстар толыққанды іске асырылса, ресурстарды ұлғайтуға және шығындарды азайтуға септігін тигізеді деуге болады. Сонда ғана ауыл шаруашылығы саласындағы өте өзекті проблема шешімін тауып, экономикаға серпін сыйламақ. Ел тұрғындарын сапалы сумен қамтамасыз ету және саланы цифрландыру жұмыстары да өте маңызды. Бірақ, мұның барлығын іске асыруға қажырлы еңбек пен Отанға деген адалдық қажет екенін естен шығармаған абзал.


Б.Мейірханұлы,

ERNUR.KZ