Қазақстан мен Ресей арасындағы визасыз режим сақталады - министрлік

0
99

Әрбір шетелдіктің цифрлық профилі жасалады.


Қазақстан мен Ресей арасындағы визасыз режим сақталады - министрлік

фото: Sputnik / Болат Шайхинов

ERNUR.KZ. Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров Ресей шекарасындағы жаңа талаптарды түсіндірді, деп жазады sputnik.kz.
Ресейде 30 маусымнан бастап шекарадан өтетін шетелдіктер үшін жаңа талаптар енгізіледі. Атап айтқанда, биометриялық мәліметтер де жиналады. Соның негізінде әрбір шетелдіктің цифрлық профилі жасалады.
"Кейбір бұқаралық ақпарат құралдары Ресейді визалық режимді енгізетіндей көрсетті. Бұл әшейін шекарадан өтуге қатысты талаптар. Еуропадағы шекараны, Қазақстандағы шекараны өткенде тура солай әрбір келушінің биометриясын алады. Бұл – қалыпты жағдай", - деді Смадияров бүгінгі брифингте.
Осы орайда министрлік өкілі халықты шатастырмауға өтінді. Себебі Қазақстан мен Ресей арасындағы визалық режим бұрынғыдай сақталады.

Цифрлық профиль қалай жасалады

Ресейде шетелдіктердің цифрлық профилін жасау жобасы былтырдан бері сынақтан өткізілген болатын. Содан 2024 жылы 1 желтоқсаннан бастап 2025 жылдың 30 маусымына дейін Мәскеудің төрт әуежайы (Шереметьево, Домодедово, Внуково, Жуковский) мен Орынбор облысындағы Маштаково өткізу пункті арқылы кіретін шетелдіктерден, соның ішінде Қазақстан азаматтарынан саусақ іздері мен бет-әлпеттің суреті алына бастады. Ал 30 маусымнан бастап ондай талап барлық шекара бекеттерінде енгізіледі.
Цифрлық профильді алдын ала жасап жіберуге де мүмкіндік болады. Ол үшін RuID мобильді қосымшасы бар. Соның негізінде Ресейге баратыны туралы хабар беріп, медициналық сақтандыруды да рәсімдеуге болады.

Биометриялық мәліметтерден кімдер босатылады

Ресей шекарасында биометрия алынбайтын адамдардың бірнеше санаты бар. Олар:
6 жасқа толмаған балалар;
дипломаттар мен халықаралық ұйымдардың қызметкерлері;
дипломатиялық және қызметтік төлқұжаттардың иелері.
Бөлісу