Стратегиялық көзқараспен қарар болсақ, аталған инженерлік инфрақұрылым жоқ жерде өндіріс те, инвестиция да жоқ екенін түсіну қиын емес.
фото: Алматы облысының энергетика және сумен жабдықтау басқармасы
Қазіргі дәуірдегі мемлекет үшін де, адамзат үшін де ең керекті қажеттіліктердің бір топтамасы – инженерлік инфрақұрылым. Яғни, жылу жүйесі, ауыз және ағын су, жол, байланыс пен жарық. Себебі бүгінгі таңда бұл қажеттіліктер жоқ жерде тіршілік тоқтап қалатындай. Мәселен, әсіресе қала тұрғындары жылусыз, сапалы сусыз және электр қуатынсыз өмір сүруін ойлаудың өзі қиын. Одан әрі тереңдей түссек, мысалы қалалық жерлерде үздіксіз жұмыс істейтін кәріз жүйесі немесе сапалы су болмаса, санитариялық ахуал күрделенетіні сөзсіз. Ал сапалы автожол мен мобильді байланыс болмаса, айналамызбен хат-хабар алмаса алмай тағы қиналамыз. Стратегиялық көзқараспен қарар болсақ, аталған инженерлік инфрақұрылым жоқ жерде өндіріс те, инвестиция да жоқ екенін түсіну қиын емес. Оның үстіне қазір инженерлік инфрақұрылым тұрақты болмаса, қоғамдық тұрақтылықты сақтау да қиын. Жетілдірілген байланыс болса, мемлекеттің ақпараттық қауіпсіздігі үшін өте маңызды. Демек, біз айтып отырған инженерлік инфрақұрылым қаншалықты сапалы әрі қолжетімді болса, мемлекеттің дамуы да соншалықты қарқынды әрі қоғамдық ахуал тұрақты болады. Сондықтан, Қазақстан Үкіметі аталған саланы дамытуға, тозығы жеткен құрылымдарды жаңғыртуға әрдайым күш салып келеді.
Алдымен Қазақстанның аталған сала бойынша әлемдік позициясына аз-кем тоқталып өтейік. Дүниежүзінде «Әлемдік бәсекеге қабілеттілік» деп аталатын рейтинг бар. Осы кестеде Қазақстан былтыр жетпіске жуық елдің ішінде 34-ші сатыға жоғарылап, Испания, Жапония сынды мемлекеттерден озып кетті. Рейтингке әсер ететін көрсеткіштер арасында дәл осы инфрақұрылым бағыты бойынша еліміз едәуір жақсы нәтижелерге қол жеткізген екен. Ал, Біріккен Ұлттар Ұйымының бағалауынша, Қазақстан сандық инфрақұрылымды жетілдіру бойынша 24-ші орынға, теңізге шыға алмайтын мемлекеттер ішінде бірінші орынға көтерілген. Бұл елімізде цифрлық жүйенің қарқынды дамып жатқанын аңғартады. Бірақ, көлік логистикасының сапасы бойынша Қазақстанның көрсеткіші көңіл көншітпейді. Қорыта айтсақ, Қазақстан электр қуатының қолжетімділігі, ғаламтор сапасы және көрсетілетін қызметтерді цифрландыру бойынша алдыңғы қатарда. Жылу желісі, су жүйесі, жол сапасы бағыттары дамытуды қажет етеді.
Ел Үкіметі аталған проблемаларды шешіп, инженерлік инфрақұрылымды жетілдіре түсу үшін «Энергетика және коммуналдық секторды жаңғырту» деп аталатын ұлттық жобаны іске асырып жатыр. Осылайша, 2029 жылға қарай елдегі инженерлік инфрақұрылымның тозу көрсеткішін қырық пайызға дейін төмендетіп, инфрақұрылым саласындағы ахуалды қалыпты күйге жеткізбек. Қазіргі уақытта осы межеге қол жеткізу жолында кешенді жұмыстар жүргізіліп, ауқымды жобалар жүзеге асырылып жатыр. Тиісінше, 2024 жылы Қазақстанның инженерлік инфрақұрылымын жақсарту мақсатында салаға 450 миллиард теңге көлемінде инвестиция тартылса, өткен жылы бюджеттен 176 миллиард теңге қаржы бөлініпті. Бұл бағыттағы жұмыстар мұнымен тоқтап қалмай, алдағы бесжылдықта инфрақұрылым саласын жаңғыртуға 13 триллион теңге көлемінде инвестиция бағытталмақ. Үкімет пен министрліктің мәліметтеріне сүйенсек, ұзақмерзімді жоспар шеңберінде алдағы жылдары ел аумағында екі жүзден астам жоба іске асырылады. Олардың арасында жылу энерго орталықтары, су электр станциялары, су қоймалары сынды ірі жобалар бар.
Сондай-ақ, Үкімет отандық инфрақұрылымды заман талабына сай етіп цифрландыру ісін де қарқынды жүргізіп жатыр. Бүгінгі таңда аталмыш саладағы жүйелер мен желілердің тоқсан пайыздан астамы сандық форматқа өткізілген. Бүгінде инфрақұрылымды басқару ісі автоматты режиге көшіріліп жатыр. Тиісінше, бірыңғай цифрлық жүйе құрылыс жобалары, нысандар мен инфрақұрылым желілерінің деректерін бір арнаға тоғыстырады. Осылайша ауылдар мен қалаларды тұрақты түрде дамыту, қолға алынған құрылыстарды қадағалаудың тиімді тетігі қалыптасып отыр. Әрі қажетті деректерге қолжетімділік артып, қажетті шешімдерді бекіту ісі жеңілдей түсуде.
Жоғарыда 2029 жылға дейінгі ұлттық жоспарды атап өттік. Осы жоспар аясында ел Үкіметі мен тиісті ведомство алдағы жылдары энергетика инфрақұрылымының тозу деңгейін 6 пайызға, су желілерінің тозу деңгейін 33 пайызға, кәріз жүйелерінің тозуын 41 пайызға, жылу желілерінің тозуын он пайызға төмендетуді жоспарлап отыр. Сондай-ақ, ел аумағын газдандыру деңгейін 63 пайыздан асыру көзделген. Үкіметтің ресми мәліметтеріне сүйенсек, 2026 жылдың басында еліміздегі энергия жетіспеушілігі 29 пайызға азайған және келер жылы бұл проблема түбегейлі шешіледі деп күтіліп отыр. Сонымен қатар, ауылдық жерлерді дамыту бағыты бойынша соңғы жылдары 7600-ден астам ифрақұрылымдық жоба іске қосылғаны мәлім болды. Өз кезегінде бұл көрсеткіштер еліміздегі инженерлік инфрақұрылымның бірте-бірте жақсарып, сапасы көтеріліп келе жатқанын білдіреді.
Б.Мейірханұлы,


