Пошталық операциялар кеңесі – ДПО-ның негізгі құрылымдарының бірі.
ERNUR.KZ. Дүниежүзілік пошта одағының (ДПО) 28-ші Конгресі аясында өткен сайлау қорытындысы бойынша Қазақстан Пошталық операциялар кеңесіне мүше болып сайланды. Еліміз 110 дауыс жинап, Шығыс Еуропа мен Солтүстік Азия өңірінен сайланған алты мемлекеттің қатарына енді. Сонымен қатар Кеңеске Болгария, Польша, Сербия, Украина және Әзербайжан кірді, деп жазады baq.kz.
Пошталық операциялар кеңесі – ДПО-ның негізгі құрылымдарының бірі. Ол халықаралық пошта стандарттарын әзірлеу мен енгізу, электрондық сауданың трансшекаралық ағымдарын дамыту, цифрландыру және жаһандық пошта логистикасының сапасын арттыру бағыттарында жұмыс істейді.
Қазақстанның бұл Кеңеске сайлануы – елімізге халықаралық қауымдастық тарапынан сенімнің жоғары деңгейін көрсетеді. Алдағы кезеңде Қазақстан заманауи цифрлық шешімдерді енгізуге, трансұлттық электрондық коммерцияны дамытуға, пошта қызметтерінің тиімділігі мен тұрақтылығын арттыруға және өңірлік әрі жаһандық ынтымақтастықты нығайтуға белсенді атсалыспақ.
Анықтама: Дүниежүзілік пошта одағы (Universal Postal Union) – 1874 жылы құрылған пошта саласындағы ең көне әрі ірі халықаралық ұйым. 1948 жылдан бері БҰҰ-ның мамандандырылған мекемесі. Қазіргі уақытта оған 192 мемлекет мүше.