Қазақстан бюджетінің 35%-ы адами капиталға жұмсалады

0
93

Қаражаттың негізгі бөлігі әлеуметтік қамсыздандыру мен денсаулық сақтау саласына тиесілі.


Қазақстан бюджетінің 35%-ы адами капиталға жұмсалады

Фото: Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі

ERNUR.KZ. 2027 жылы республикалық бюджеттен адами капиталды дамытуға 10,5 трлн теңге, яғни жалпы шығыстардың 35%-ы бағытталады. Қаражаттың негізгі бөлігі әлеуметтік қамсыздандыру мен денсаулық сақтау салаларына жұмсалады. Бұл туралы Қаржы вице-министрі Абзал Бейсенбекұлы мәлім етті, деп жазады inform.kz.

Спикердің айтуынша, бюджет жобасында 5 негізгі бағыт белгіленген: адами капиталға инвестициялар, өңірлерді қолдау, қауіпсіздік және мемлекеттік басқару, экономиканың нақты секторы және мемлекеттік борышқа қызмет көрсету.

Бірінші және ең басым бағыт — адамға салынатын инвестициялар болмақ.

— Адамға жұмсалатын шығыстар — стратегиялық инвестициялар саналады. 2027 жылы адами капиталға 10,5 трлн теңге немесе жалпы бюджеттің 35%-ы көзделген. Осы сандардың артында нақты адамдар тұрғанын түсіну өте маңызды. Әлеуметтік саладағы бюджет адамға, яғни оның әлеуметтік қорғалуын, денсаулығын, білімін және даму мүмкіндіктерін қамтамасыз етуге бағытталған, — деді Абзал Бейсенбекұлы Құрылтайда өткен таныстырылымда.

Қаражаттың негізгі бөлігі әлеуметтік қамсыздандыру мен денсаулық сақтау саласына тиесілі.

— Енді тікелей 2027 жыл бойынша айтсам, әлеуметтік көмек пен қамтамасыз етуге жұмсалатын шығыстар 6,9 трлн теңгені құрайды. Бұл ретте әлеуметтік қолдауда атаулы тәсіл сақталады, сондықтан көмек бірінші кезекте шынымен мұқтаж адамдарға беріледі, — деді Қаржы вице-министрі.