Қаза болған әскерилердің отбасына жиналған қаражат қайда түседі: Бірыңғай оператор белгіленді

0
114

Облыс әкімдігіне қаза болған әскери қызметшілердің отбасыларына материалдық көмек көрсеткісі келетін азаматтардан, бизнес өкілдері мен ұйымдардан өтініштер түсуде.


Қаза болған әскерилердің отбасына жиналған қаражат қайда түседі: Бірыңғай оператор белгіленді

Фото: Маңғыстау облысының әкімдігі

ERNUR.KZ. Маңғыстау облысында қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына көмек жинаудың бірыңғай ресми тетігі белгіленді. Бүгінде Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері 815 млн теңге жинаған, деп жазады inform.kz.

Маңғыстау облысында әскери міндеттерін орындау кезінде Каспий теңізі акваториясында қаза болған әскери қызметшілердің отбасыларына қосымша материалдық көмек көрсету мақсатында бірыңғай оператор ретінде облыс әкімдігі айқындаған ұйым белгіленді.

Облыс әкімдігіне қаза болған әскери қызметшілердің отбасыларына материалдық көмек көрсеткісі келетін азаматтардан, бизнес өкілдері мен ұйымдардан өтініштер түсуде. Осыған байланысты аталған процесті жүйелеп, көмек көрсетудің бірыңғай ресми тетігін қамтамасыз ету, сондай-ақ алаяқтық әрекеттердің алдын алу мақсатында осындай шешім қабылданды.

Қорға түсетін барлық қаражат тек қаза болған әскери қызметшілердің отбасыларын қолдауға бағытталады. Қаражаттың жұмсалуы қатаң түрде нысаналы мақсатқа сай және толық ашықтық қағидаттары негізінде жүзеге асырылады. Қордың қызметі мен түсетін қаражаттың қозғалысы мемлекеттік және құқық қорғау органдарының бақылауында болады.

Бүгінде Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері 815 млн теңге көлемінде материалдық көмек жинады.

Қаза болған әскери қызметшілердің отбасыларына көмек көрсеткісі келетін азаматтар, бизнес өкілдері мен ұйымдар қаражатты қордың ресми реквизиттері арқылы аудара алады.

Алаяқтық әрекеттердің алдын алу мақсатында облыс әкімдігі азаматтарды қаражатты жеке банк карталарына, жеке тұлғалардың шоттарына немесе белгісіз реквизиттерге аудармауға шақырады.

Қордың ресми реквизиттері:

«Ұлттық рух» қоғамдық бірлестігі

БСН: 090140013447
Банк: «Alatau City Bank» АҚ
БСК: TSESKZKA
ЖСК: KZ03998PTB0000488655
Валюта: KZT

Еске салайық, 2026 жылғы 24 қыркүйекте Каспийдегі әскери оқу-жаттығу кезінде 9 әскери қызметші қаза тапқанын хабарлағанбыз. Үш әскери қызметші құтқарылды. Олардың біреуі ауруханаға жатқызылды.

Кейіннен Каспийде қаза болған әскери қызметшілердің саны 12-ге жетіп, екеуі іздестіріліп жатқаны хабарланды.

Қорғаныс министрлігі оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан әскери қызметшілердің тізімін жариялады.

Әскери қызметшілердің қаза болу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеліп жатқанын жаздық.

Сонымен қатар, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау облысында әскери оқу-жаттығу кезіндегі қайғылы оқиға салдарынан қаза тапқан әскери қызметшілердің туған-туыстарына көңіл айтты.

Әскерилердің қазасынан кейін Ақтауда үш күнге жоспарланған мерекелік шаралар өтпейтіні айтылды.

Бүгін Каспийде екі әскери қызметшіні іздеу операциясына жүздеген адам жұмылдырылғаны хабарланды.

Әскери қызметшілердің қаза болуына байланысты қызметіне салғырты қараған бірқатар лауазымды тұлға күдікке ілінді.