Қасым-Жомарт Тоқаев Ерлан Қаринді қабылдады

0
103

Президентке Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобы қызметінің аралық нәтижелері туралы баяндалды.


Қасым-Жомарт Тоқаев Ерлан Қаринді қабылдады

Қасым-Жомарт Тоқаев Мемлекеттік кеңесші – Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобының жетекшісі Ерлан Қаринді қабылдады, деп хабарлайды ERNUR.KZ Ақордаға сілтеме жасап.

Президентке Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобы қызметінің аралық нәтижелері туралы баяндалды.

Ерлан Қариннің айтуынша, e-Otinish мемлекеттік платформасы мен Egov сервисінде «Парламенттік реформа» арнайы бөлімі іске қосылғалы бері бір айдың ішінде азаматтар мен қоғам белсенділері тарапынан осы мәселеге қатысты 300-ге жуық ұсыныс келіп түсті.

Бұдан бөлек, 6 саяси партия, атап айтқанда, «Amanat», «Ауыл», «Ақ жол», «Respublica», Қазақстан Халық партиясы және Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы өз ұсыныстарын жолдады. Онда бір палаталы парламенттің қызметі мен парламенттік партиялардың өкілеттігіне қатысты тетіктер қамтылған.

Сонымен қатар Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобының мүшелері сарапшылық материалдар әзірледі.

Қазір барлық ұсынысты талдау және жүйелеу ісі қолға алынды. Жұмыс тобының екінші отырысын биыл 2 желтоқсанда өткізу жоспарланған. Жиында ұсыныстар жекелеген бағыттар бойынша жан-жақты қарастырылады.

Мемлекет басшысы елдегі саяси жаңғырудың жаңа кезеңі болатын алдағы парламенттік реформаның мән-маңызына тоқталды.

Қасым-Жомарт Тоқаев келіп түскен барлық бастаманы жан-жақты қарап, олардың негізінде парламенттік жүйені жаңғырту бойынша нақты ұсынымдар әзірлеуді тапсырды.