Каспийде 88 шақырым браконьерлік ау мен 11,5 келі есірткі тәркіленді

0
128


Каспийде 88 шақырым браконьерлік ау мен 11,5 келі есірткі тәркіленді

Фото: ҰҚК

ERNUR.KZ. Каспий теңізінде жүргізілген арнайы жедел-профилактикалық іс-шаралар барысында 126 құқық бұзушы мен 44 шағын көлемді кеме ұсталды, деп хабарлайды Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметі, деп жазады kaz.inform.kz.

ҰҚК Шекара қызметі қазан айында мемлекеттік органдармен бірлесіп, Каспий теңізі акваториясындағы заңсыз әрекеттердің жолын кесуге бағытталған іс-шаралар өткізген.

Нәтижесінде 11,5 келі есірткі заты мен браконьерлік балық аулауға арналған жалпы ұзындығы 88 шақырым құрал-сайман тәркіленді.

“ Торлардан табылған 2337 бекіре және басқа да балық түрлері табиғи мекендеу ортасына жіберілді “, – деп хабарлады ҰҚК.

Құқық бұзушыларға жалпы сомасы 4,5 млн теңгеден астам әкімшілік айыппұл салынды.

Шекара қызметінің мәліметінше, қабылданған шаралар нәтижесінде мемлекетке келтірілуі мүмкін 840 млн теңгеден астам залалдың алдын алуға мүмкіндік туды.

ҰҚК Шекара қызметі азаматтарға Каспий теңізінде белгіленген тәртіп пен талаптарды сақтау қажеттігін ескертті.

Айта кетейік, бұған дейін қыркүйек айында Каспий теңізінде браконьерлікпен айналысудың 48 дерегінің жолы кесілген еді. Шекарашылар 41,7 шақырым заңсыз аулау құралдарын және 840 келі бекіре тұқымдас балықты тәркілеген. Алдын алынған залал 350 млн теңгеден асқан.