Каспий теңізі ғылыми-зерттеу институтын одан әрі дамытуға Үкімет резервінен қаражат бөлінді

0
106

Институт Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Каспий теңізінің экологиялық мәселелерін зерттеу мақсатында құрылды.


Каспий теңізі ғылыми-зерттеу институтын одан әрі дамытуға Үкімет резервінен қаражат бөлінді

ERNUR.KZ. Мемлекет басшысының Каспий теңізі проблемаларын кешенді зерттеу жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыру шеңберінде «Қазақ Каспий теңізі ғылыми-зерттеу институты» КеАҚ-қа Үкімет резервінен 305 млн теңге бөлінді. Премьер-министр Олжас Бектенов тиісті қаулыға қол қойды, деп хабарлайды Primeminister.kz.

Институт Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Каспий теңізінің экологиялық мәселелерін зерттеу мақсатында құрылды. Атап айтқанда, ҒЗИ-дің қызмет аясына балық қорының көлемін бағалау, оларды сақтау әдістері мен технологияларын әзірлеу, ихтиофаунаны зерттеу, итбалықтардың жаппай қырылу себептерін анықтау және олардың популяциясын сақтау мәселелері кіреді. Сонымен қатар теңіздің гидрологиялық үдерістерін зерттеуге және оның деңгейін бақылауға, климаттың өзгеруін және оның экожүйеге әсерін талдауға, судың сапасы, биологиялық алуантүрлілік және Каспий теңізінің қазақстандық бөлігі мен жағалауының өзге де параметрлері жөніндегі деректерді жинау және талдаумен айналысады.

Үкімет резервінен бөлінген қаражат институтты одан әрі дамытуға бағытталған, гидробиология және гидрохимия, гидрометеорология, спутниктік мониторинг зертханаларында ғылыми-зерттеу жұмыстарын уақтылы әрі тиімді жүргізуге, сондай-ақ институтқа жүктелген өзге де міндеттерді орындауға мүмкіндік береді.

Анықтама:

Каспий теңізі бірегей экожүйе және су биоресурстарының аса маңызды көзі, сондай-ақ батыс өңірлер мен жалпы еліміздің тұрақты дамуына үлкен үлес қосады.

Каспий теңізінің Қазақстан тарапындағы жағалауының ұзындығы 2320 шақырым, бұл барлық Каспий маңы мемлекеттері арасындағы ең ұзын жағалау сызығы.