Құзырлы органдар жалған ақпарат таратпауға және ресми дереккөздерге ғана сенуге шақырды.
ERNUR.KZ. Денсаулық сақтау министрлігі Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті адамдарды жаппай улап жатқаны туралы әлеуметтік желіде жарияланған мәлімдемені жоққа шығарды, деп жазады sputnik.kz.
Қазақстандық кәсіпкер Нариман Дараев өз жазбасында айналасындағылардың бәрі – балабақшаларда, мектептерде, жұмыстағы адамдар ауырып жатқанын айтқан. Оның пікірінше, бұған адамдарды белгісіз затпен улау себеп.
"Бәрінің симптомы ұқсас. Ауру мұрынның бітелуінен басталады, кейні оларға бронхит және пневмония диагнозы қойылады", - деп мәлімдеген кәсіпкер.
Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің баспасөз қызметі бұл хабарламаға қатысты түсініктеме берді.
"Әлеуметтік желілерде тараған "адамдарды улап жатыр, олар пневмония мен бронхитке шалдығуда" деген ақпарат ақпарат шындыққа жанаспайды және фейк деп танылды", - деп мәлімдеді ведомство.
Комитет тұмау және ЖРВИ таралу жағдайы бақылауда екенін атап өтті. Жалпы, елімізде эпидемиологиялық маусым басталғаннан бері (2024 жылғы 1 қазан) ЖРВИ-мен сырқаттану көрсеткіші өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 20%-ға төмендеген. Республикада 2 млн-нан астам адам тұмауға қарсы егілді.
Ведомство жалған ақпарат таратпауға және ресми дереккөздерге ғана сенуге шақырды.