Қарағанды ЖЭО-3-те жаңа энергия блогының құрылысы басталды

0
65

Ауқымды бастама 2028 жылға дейін жүзеге асырылады.


Қарағанды ЖЭО-3-те жаңа энергия блогының құрылысы басталды

ERNUR.KZ. Қарағанды ЖЭО-3-те жаңа энергия блогының құрылысын бастауға арналған капсула салу рәсімі өтті, деп хабарлайды ҚР Энергетика министрлігі.

Салтанатты шараға Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев, ҚР Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов, Еуразиялық даму банкi басқарма төрағасының орынбасары Руслан Дәленов, «Қазақстандық коммуналдық жүйелер» ЖШС Бақылау кеңесінің төрағасы Дінмұхамед Ыдырысов пен серіктестіктің бас директоры Сабырғали Ыдырысов қатысты.

Ауқымды бастама 2028 жылға дейін жүзеге асырылады. Жоба аясында қуаттылығы сағатына 650 тонна бу өндіретін №9 қазанагрегаты мен №7 турбоагрегатты орнату көзделген. Жаңа энергия блогын іске қосу нәтижесінде 140 МВт қосымша электр энергиясы және 180 Гкал/сағ жылу өндіру қамтамасыз етіледі. Бұл өңірдің артып келе жатқан қажеттіліктерін өтеуге мүмкіндік береді. ЖЭО-3-тің жаңа энергия блогы 400-ден астам тұрғын үй мен әлеуметтік нысанды жылумен қамтамасыз етеді.

Бастама «Қазақстандық коммуналдық жүйелер» компаниялар тобына кіретін «Қарағанды Энергоцентр» ЖШС арқылы жүзеге асыруда. Ал қаржыландыруды Еуразиялық даму банкі қамтамасыз етеді.

Жоба ҚР Энергетика министрлігі мен «Қарағанды Энергоцентр» ЖШС арасындағы инвестициялық келісім аясында іске асырылып жатыр және ұлттық маңызы бар жоба ретінде танылған. Құрылыс экологиялық талаптарға сәйкес жүргізіліп, заманауи, қоршаған ортаға зиянсыз технологиялар қолданылады.