​Қарағанды облысында инкассатор көлігі отқа оранды

0
50

Қайғылы оқиға «Қарқаралы–Қарағайлы» автожолында болған.


​Қарағанды облысында инкассатор көлігі отқа оранды

Фото: Видеодан алынған скрин

ERNUR.KZ. Қарағанды маңындағы тас жолда инкассаторлық көлік пен жеңіл автокөлік қатығысып, салдарынан инкассатор бірер сәтте отқа оранып, жүргізушісі қаза болды. Құжатталған үш миллион теңгеден астам қаражат түгелімен жанып кетті, ал апатқа себепкер болған жүргізуші қамауға алынды, деп жазады inform.kz.

Қайғылы оқиға «Қарқаралы–Қарағайлы» автожолында болған. Облыстық полицияның мәліметінше, Toyota Camry жүргізушісі рөлге ие бола алмай, инкассаторлық Lada Largus көлігімен қатты соқтығысқан. Соққының салдарынан инкассатор көлігінің 28 жастағы жүргізушісі оқиға орнында көз жұмды. Оның 36 жастағы әріптесі және Camry автокөлігінің 41 жастағы жүргізушісі медициналық мекемеге жеткізілген.

Апат фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Camry тізгіндеген ер адам ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу барысында оның мас күйде болғаны және бір жыл бұрын жүргізуші куәлігінен айырылғаны анықталды.
Инкассаторлық көлікте үш миллион теңгеден астам қаражат болған. Қатты соққыдан кейін тұтанған өрт ақшаны да, көлікті де толықтай жойған.

Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Полиция қызметкерлері жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін мұқият сақтауға шақырып, мас күйінде рульге отырудың қайғылы салдарына тағы бір мәрте назар аудартты.

Еске салсақ, Лисаковскіде жүргізушінің полициядан қашып құтылуға тырысқан әрекеті қайғылы жағдаймен аяқталды. Қауіпті маневрлер жасаған жүргізуші жарық бағанасына соғылғаннан кейін қаза тапты.