Батыс Қазақстан облысында іске қосылған «Қаладан ауылға» жобасы қысқа мерзім ішінде ауыл тұрғындары мен қоныс аударушылар тарапынан кең қолдау тапты.
ERNUR.KZ. Жоба аясында қала аймақтарынан мыңға жуық тұрғыны бар 195 отбасы ауылға көшіп барды. Оның ішінде 600-і - бала. Қоныс аударған отбасылардың барлығы да баспанамен қамтамасыз етілді. Ауылдағы халық санын тұрақтандыру және экономикалық белсенділікті арттыруға бағытталған бағдарламаның нақты нәтижелері көріне бастады. Бұл жайлы өңір әкімі Нариман Төреғалиев ОКҚ алаңында хабарлады.
Қоныс аударған азаматтардың 216-сы тұрақты жұмысқа орналасып, ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосуда.
«Олардың арасында дәрігерлер, мұғалімдер, өзге де қажетті салалардың мамандары, сонымен қатар «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы өз кәсібін ашқан азаматтар да бар. Аталған шаралардың арқасында ауылдардағы кадр тапшылығы мәселесі шешімін тауып, жабылудың алдында тұрған бірнеше мектеп өз жұмысын жалғастыру мүмкіндігіне ие болды. Бұл – «Қаладан ауылға» жобасының ауыл әлеуетін арттырудағы маңызды қадамға айналғанының айқын дәлелі», – деді өңір басшысы.
Өңір экономикасының дамуына шағын және орта кәсіпкерлік зор үлесін қосып келеді. Өткен үш жылда облыста жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 57,6 мыңнан 59,2 мыңға немесе 2,7%-ға өсті. Аталған салада 130 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылған.
Шағын кәсіпкерлікті дамыту мақсатында 3 мыңнан астам жобаға 28 млрд теңге көлемінде мемлекеттік қолдау көрсетілді. Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерімен шығарылатын өнімдердің көлемі 23%-ға өсіп, 2,8 трлн теңгені құрады. Өңірлік өнімдегі шағын және орта кәсіпкерліктің үлесі 36,7% деңгейіне жетті. Бұл көрсеткіш бойынша облыс республикада алдыңғы бестікте. Бұл бағытта жүйелі шаралар кешені қабылданып, 2028 жылға шағын кәсіпкерліктің өңір экономикасындағы үлесін 40%-ға жеткізу жоспарда бар.


