​Ирандық компания Қазақстанда ірімшік пен балалар тағамын өндіреді

0
143

Спикердің айтуынша, Қазақстанда иран капиталының қатысуымен 650-ден астам ұйым тіркелген.


​Ирандық компания Қазақстанда ірімшік пен балалар тағамын өндіреді

Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

ERNUR.KZ. Елордада Қазақстан-Иран бизнес форумы басталды. Шараға 500-ге жуық қатысушы жиналды және олардың жүзден астамы — ирандық кәсіпкерлер, деп жазады inform.kz.

Форум аясында Kazakh Invest ұлттық компаниясы ынтымақтастық туралы екі келісімге қол қоюды жоспарлап отыр.

— Бірінші келісім — Иранның Solico Group компаниясымен жасалады. Бұл компания Қазақстанда бірнеше жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Алғашқы жоба сүтті қайта өңдеу мен ірімшік жасау саласына қатысты. Қазір Алматы облысында 16 гектар аумақта нысандардың құрылысы басталып кетті. Инвестиция көлемі шамамен 100-150 миллион долларға жетеді. Ірімшік өндірісі іске қосылған соң, жобаның екінші фазасы — балалар тағамын өндіру жоспарланып отыр. Solico Group — агроөнеркәсіп саласында жұмыс істейтін Ирандағы ең ірі корпорациялардың бірі, — деді Kazakh Invest ұлттық компаниясы басқарма төрағасының орынбасары Мадияр Сұлтанбек агенттікке берген сұхбатында.

Екінші келісім тау-кен металлургия саласындағы Иранның Kavand Nahan Zamin компаниясымен орнатылмақ.

— Олар он жыл бұрын, 2015 жылы Қарағанды облысының Ақтоғай ауданында мыс кен орнын сатып алған болатын. Қазір Қазақстанда жұмыс істеп, жылына 5 мың тоннаға жуық катодты мыс өндіреді. Енді біз олармен өндірісті кеңейту, көлемді арттыру және қайта өңдеу деңгейін өсіру жөнінде ынтымақтастық келісіміне қол қоямыз. Бүгінде бұл компания нысандарында жүздеген азаматымыз жұмыс істейді. Ал өндіріс кеңейсе, тағы мың жарым жұмыс орны ашылады. Сондықтан біз ирандық компаниялармен ынтымақтастыққа өте қуаныштымыз. Иран — Таяу Шығыстағы ең мықты экономикалардың бірі, — деп түйіндеді М. Сұлтанбек.

Спикердің айтуынша, Қазақстанда иран капиталының қатысуымен 650-ден астам ұйым тіркелген. Жиналған инвестициялар көлемі бүгінде 200 миллион доллардан асады.

Бұған дейін Ақордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізге ресми сапармен келген Иран Ислам Республикасының Президенті Масуд Пезешкианды қарсы алғанын жазған едік.