Бүгін Парламент жаңа Салық кодексін бекітті.
Фото: ortcom.kz
ERNUR.KZ. Жаңа Салық кодексі аясында фермерлердің жол талғамайтын бір көлігін салықтан босату нормасы қолдау тапты. Бұл туралы Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов айтты, деп жазады inform.kz.
Бүгін Парламент Мәжілісінде өткен баспасөз мәслихатында тілшілер Қаржы министрлігі фермерлердің бір көлігін салықтан босату ұсынысына қарсылық білдіргенін еске салып, осы нормаға қатысты сұрады.
- Бұл норма қабылданды. Фермердің бір автокөлігіне тиісті жеңілдік болады, - деді Ержан Біржанов.
Сонымен қатар вице-министр жаңа Салық кодексі аясында автокөлікке қатысты бірқатар өзгеріс енгізілгенін айтты.
- Жалпы, ескі көліктерге - пайдалану мерзімі 20 жылдан асқан көліктер үшін салықтың жартысын төлейтіндей түзетулер енгізілді. Ал 10 жылдан асқан автокөліктерге салық 30 пайызға азаяды, — деді Ержан Біржанов.
Еске салсақ, биыл сәуір айында Мәжіліс депутаты Ерболат Сатыбалдин ауылдағы фермерлердің жол талғамайтын бір көлігін салықтан босатуды ұсынды.
Өз кезегінде Ержан Біржанов бұл ұсыныспен келіспейтінін мәлім етті.
— Менің ойымша, осындай жеңілдік беру дұрыс емес. Себебі фермердің бір көлігін салықтан босатсақ, қалада жүздеген жұмыс орнын беріп отырған кәсіпкерге де жеңілдік жасау керек болады. Сондықтан оны дискриминациялық норма ретінде санауы мүмкін. Мәселен, фермерге де, кәсіпкерге де осы автокөлік керек. Бұл ретте, біріне жеңілдік жасап, басқасына салық салу — дұрыс емес, — деді Е. Біржанов.
Айта кетейік, бүгін Парламент жаңа Салық кодексін бекітті.