"Есінен танса да ұра берген": Сотта Айзат Жұманованың ауруханаға жеткізілген сәтіндегі жантүршігерлік видео көрсетілді (видео)

0
99

Қайғылы жағдай 21-нен 22 маусымға қараған түні болған.


Фото: Видеодан скрин

ERNUR.KZ. Талдықорғанда Айзат Жұманованың өлімі бойынша сот жалғасып жатыр. Отырыста әйелді ауруханаға жеткізген кездегі жағдайы түсірілген видео көрсетілді, деп жазады stan.kz.

Сот отырысында әйелді ауруханаға жеткізген кездегі жағдайы түсірілген видео көрсетілді. Кадрда Жұманованы арбамен жеткізгені көрсетілген. Ал әйелдің басын шалқайтып, есінен танып қалғанын көруге болады. Кейін күйеуі Айбар Жанболат оны маңдайынан сүйіп кетеді. Сосын дәлізде марқұмның енесі пайда болып, ұлы екеуі Айзаттың аяғына массаж жасап, басын қозғалтып, бетін суланған шүберекпен сүртеді.

Тергеу дерегінше, қайғылы жағдай 21-нен 22 маусымға қараған түні болған. Күдікті әйелін аула сыртына шығарып, бірнеше соққы жасаған. Әйел тоқтатуды сұраған, десе де күйеуі ұрып-соға берген. Айзат есінен танып қалса да ұруды жалғастырған. Сол түні күдікті мас күйде болған екен. Ер адам Айзатты ұрып-соққан соң Талдықорған облыстық ауруханаға жеткізген, әйел онда жансақтау бөліміне жатқызылып, кейін қайтыс болған. Қылмысқа қызғаныш себеп болыпты.

Марқұмның анасы қызының көз жұмғанын таңертең бір-ақ бірген. Ал шын мәнінде Айзат шамамен түнгі сағат үште қайтыс болған. Анасының айтуынша, қыз бұрын күйеуінің ашушаң мінезіне бірнеше рет шағым білдірген.

Әйелдің қазасына уақытылы медициналық көмек көрсетілмеуі де себеп болуы мүмкін. Сотта көрсетілген видеода дәрігерлерді баяу әрекет еткенін байқауға болады.

Ал сарапшылардың айтуынша, Айзат жарақаттардың көбісін тірі кезінде алған.

“Қыздың қолы мен аяқтарындағы сүйретілген іздер қайтыс болғаннан кейін пайда болған. Бұл із қызды өлтірген соң, денесін арқанмен байлап, далада сүйреткеннен алған. Өлімнің тікелей себебі бас-ми жарақаты болғаны анықталды. Бұл қорытынды алғашқы сот-медициналық сараптама нәтижелерімен толық сәйкес келеді. Басқа бірнеше рет соққы жасалған. Сондай-ақ бас сүйектің түбінде жарық пайда болған. Осы зақымдардың бәрі өлімге жеткізген”, – дейді сарапшы Тахир Халимназаров.

Сонымен қатар ол соққылардың ауыр, өткір емес затпен жасалғанын және зақымдардың сипаты құлау нәтижесінде болмағанын айтты. Мамандардың айтуынша, табылған жарақаттар мен іздер марқұмның соққы алғанын растайды.

Бұған дейін прокурор күдікті Айбар Жанболатқа: “Айзат Жұманова жарақаттарды бір сәтте, мысалы, құлау нәтижесінде алған болуы мүмкін бе?” деген сауал қойған еді. Сарапшы бұл нұсқаны сенімсіз деп таныды.

“Әдетте құлаған кезде, дененің бір жағы ғана зақымданады. Ал Айзаттың жағдайында жарақаттар екі жақтан да тіркелген және бір уақыт аралығында алынған. Бірақ бір мезетте емес”, – деді сарапшы.


Еске салайық, бұған дейін 2025 жылдың маусым айында Жетісу облысы Ақсу ауданы Баласаз ауылында 32 жастағы Айзат Жұманова қаза тапты. Әйелді өлтірді деген күдікпен күйеуі Айбар Жанболат қамауға алынды. Марқұмның туыстырының айтуынша, ер адам әйелді 2 жасар қызының көзінше айуандықпен ұрып-соғып, кейін далаға шығарып, аттың жалына байлап сүйреген көрінеді. Ал күдікті ер адам әйелі селфи жасап жатқан кезде екінші қабаттың терезесінен құлап кетті деп ақталған. 27 қарашада сотта прокурор Айзат Жұманованың өлімінің хронологиясын жариялаған еді.