Енді кәсіп иелері клиент пен қызметкердің суретін рұқсатсыз жариялай алмайды

0
125

Барлық қызметкер мен клиент әлеуметтік желідегі жарияланымдар үшін суретке немесе видеоға түсуге дайын емес.


Енді кәсіп иелері клиент пен қызметкердің суретін рұқсатсыз жариялай алмайды

Фото: magnific.com

ERNUR.KZ. 25 тамыздан бастап адамның бейнесі дербес деректердің идентификаторы деп танылады. Яғни, клиенттің немесе қызметкердің суретін оның келісімінсіз жариялау жауапкершілікке әкелуі мүмкін, деп жазады stan.kz.

Барлық қызметкер мен клиент әлеуметтік желідегі жарияланымдар үшін суретке немесе видеоға түсуге дайын емес. Тамыз айының соңында күшіне енген дербес деректерді қорғау туралы заңда енді бұл мәселеге қатысты нақты талаптар белгіленді. Дегенмен кейбір кәсіпкерлер бұл талапты келісімшартқа бірнеше жылдан бері енгізіп келеді. Әсіресе балалардың суреті мен видеосын жариялауға ерекше мән беріледі.

“Instagram парақшасын жүргізе бастаған алғашқы күннен бастап-ақ клиенттермен фото және видеоны өз парақшамызда жариялауға рұқсат беретін келісімшарт жасай бастадық. Кейбіреулер бұған келіспейді. Бірақ жеті жыл ішінде екі адам баласын түсірмеуді сұрады. Біз олардың өтінішіне құрметпен қараймыз”, – дейді ағылшын тілі мектебінің жетекшісі әрі әдіскері Анна Зайцева.

Адамның суреті енді аты-жөні мен ЖСН-ы сияқты дербес деректерге жатады. Клиенттер мен қызметкерлердің суреттерін олардың келісімінсіз жариялау заң бұзушылық болып саналуы мүмкін. Бұл талаптар хат алмасуларға, телефон нөмірі көрсетілген пікірлерге және құжаттардың фотосуреттеріне де қатысты.

“Қызметкер ұжымдық аккаунтқа суретін жариялауға рұқсат берсе, бұл оның суретін сыртқы баннерге немесе таргеттелген жарнамаға орналастыруға келіскені дегенді білдірмейді. Өйткені мақсат басқа. Демек, бұл жағдайда келісім алынбаған болып есептеледі. Келісімнің де мерзімі бар және ол деректерді пайдалану мақсатына жетуге қажетті уақыттан аспауы тиіс. Қызметкер жұмыстан кеткен жағдайда материалдар алынып тасталуы керек. Олай болмаған жағдайда бұл талап келісімде жеке көрсетілуі қажет”, – дейді заңгер Александр Даниловский.

Егер адамның суреті оның рұқсатынсыз интернетте жарияланса, оны қайта жариялау да бастапқы жарияланым сияқты заң бұзушылық болып саналады. SMM мамандары ұжымдық контент дайындау кезінде бұл мәселелерді алдын ала келісіп алады.

“Біз адамдарды ешқашан келісімінсіз түсірмейміз. Бұған дейін де солай болған. Тек келісімді қағаз жүзінде рәсімдемедік, адамдардың ауызша келісімі болды. Енді келісімшартқа әлеуметтік желілер мен таргеттелген жарнамаға қатысты тармақ енгіземіз”, – дейді SMM-маркетолог Дана Пеньковских.

Дербес деректерді заңсыз жинағаны және өңдегені үшін бизнеске салынатын айыппұл 260 мың теңгеден басталады. Құрылтай депутаты Екатерина Смышляеваның айтуынша, бұл заңда түбегейлі жаңа талаптар жоқ. Ең бастысы – енді дербес деректердің идентификаторлары нақты ажыратылған.

“Өз деректеріне ұқыпты қарау мәдениеті қалыптаса бастады. Бұл жақсы үрдіс. Бизнес те бұл талаптарды қалай болғанда да қабылдайды деп ойлаймын. Өйткені бұл, шын мәнінде, бизнестің қауіпсіздігі үшін қажет”, – дейді Құрылтай депутаты Екатерина Смышляева.

Жаңа талаптар дербес деректер операторларына да қатысты. Дербес деректермен жұмыс істейтін бизнес олардың өңделуін бастағаны және тоқтатқаны туралы уәкілетті органға хабарлауға міндетті. Сонымен қатар деректер Қазақстан аумағындағы серверлерде сақталуы тиіс.