Елімізде реновациялауды іске асырудың нарықтық тетігі іске қосылмақ

0
89

Қабылданған түзетулер реновациялауды іске асырудың қосымша нарықтық құралын қалыптастырады.


Елімізде реновациялауды іске асырудың нарықтық тетігі іске қосылмақ

ERNUR.KZ. Жергілікті атқарушы органдардың мәліметіне сәйкес, елімізде шамамен 4 мыңнан астам тозығы жеткен және апатты көппәтерлі тұрғын үй тіркелген. Алдын ала бағалауға сәйкес, апатты және ескі тұрғын үйлердің барлық меншік иелерін көшіру үшін шамамен 3,2 трлн теңге көлемінде инвестиция қажет. Осыған байланысты, реновациялаудың тиімді тетіктерін іске асыру, жеке инвестицияларды тарту және қалалық ортаны дамытудың заманауи тәсілдерін енгізу құрылыс және урбанизацилау саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі міндеттерінің біріне айналуда. ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары Қанат Мыңбаев ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында осылай деді.

Оның айтуынша, апатты және тозығы жеткен тұрғын үйлердің шамамен 40 мың меншік иесін жаңа тұрғын үймен қамтамасыз ету көзделген.

«Реновациялауды сапалы іске асыру және осы саладағы заңнаманы жетілдіру мақсатында Жер және Құрылыс кодекстеріне, сондай-ақ Қазақстан Республикасының «Тұрғын үй қатынастары туралы», «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» және «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Сонымен қатар бүгінгі таңда Бірыңғай оператордың кепілдіктерін ұсыну тетігін қолдана отырып, апатты және тозығы жеткен тұрғын үйлерді реновациялаудың жаңа нарықтық тетігін іс жүзінде іске асыруды қамтамасыз ететін тиісті заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілер қабылданды», – деді спикер.

Қабылданған түзетулер реновациялауды іске асырудың қосымша нарықтық құралын қалыптастырады. Бұл құрал тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы заңнама аясында Бірыңғай тұрғын үй құрылысы операторының кепілдіктерін қолдану арқылы құрылыс салушылардың (инвесторлардың) қатысу мүмкіндігін көздейді.

Жаңа тетікті енгізудің артықшылықтары мен экономикалық әсері:

- Бірыңғай оператордың кепілдігі болуы есебінен апатты және тозығы жеткен тұрғын үй тұрғындарының құқықтарын толық қорғау;

- Жеке инвестицияларды ынталандыру және мемлекеттік бюджетке түсетін жүктемені азайту;

- Заманауи стандарттарды ескере отырып, тұрғын үй қорын жаңарту және азаматтардың жайлы өмір сүру жағдайларын қамтамасыз ету.

Реновациялау жобаларын іске асыруда әкімдіктердің рөлі аса маңызды болып табылады, өйткені дәл осы әкімдіктер реновациялау бағдарламаларына сәйкес реновациялауға жататын нысандардың тізбесін қалыптастыруды қамтамасыз етеді.

Осыған байланысты, нарықтық тетікті табысты іске асыру үшін әкімдіктер тұрғын үйлерді паспорттау нәтижелері негізінде егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларын уақытылы өзектендіруді ескеруі қажет, өйткені қолданыстағы заңнамаға сәйкес тұрғын үйді реновациялау тек бекітілген қала құрылысы жобалары шеңберінде жүзеге асырылады.