Елімізде электр энергиясының тарифтері 7 жыл бойы өзгермеуі мүмкін

0
63

Тиісті бұйрықтың жобасы жария талқылауға ұсынылды.


Елімізде электр энергиясының тарифтері 7 жыл бойы өзгермеуі мүмкін

Фото: Валентин Огиренко / Reuters

ERNUR.KZ. Энергетика министрлігі "Электр энергиясына шекті тарифтерді бекіту туралы" бұйрықты әзірледі. Оған сәйкес, 2026-2032 жылдарға арналған жеті жылдық мерзімге электр энергиясына шекті тарифтерді бекіту ұсынылып отыр, деп жазады inbusiness.kz.

"Электр энергетикасы туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 12-1-бабының 2-тармағына және Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2015 жылғы 27 ақпадағы № 147 бұйрығымен бекітілген Электр энергиясына шекті тарифті және электр қуатының әзірлігін ұстап тұру бойынша көрсетілетін қызметке шекті тарифті бекіту қағидаларының 3-тармағына сәйкес электр энергиясына шекті тариф электр энергиясын өткізетін энергия өндіруші ұйымдардың топтары бойынша жылдарға бөліне отырып, әрбір жеті жыл сайын бекітіледі және қажет болған кезде түзетіліп отырады.

"Бұл ретте, электр энергиясына қолданыстағы шекті тарифтер Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2018 жылғы 14 желтоқсандағы № 514 бұйрығымен 2019-2025 жж бекітілген. Осыған байланысты, 2026-2032 жылдарға арналған жеті жылдық мерзімге электр энергиясына шекті тарифтерді бекіту қажет", – делінген бұйрық жобасын әзірлеуге негіз болған түсіндірмеде.

Энергетика министрлігі биылғы 8 қазанда Мемлекет басшысының төрағалығымен макроэкономикалық теңгерімсіздіктер және инфляциялық тәуекелдер мәселелері бойынша кеңес өткізілгенін, оның қорытындысы бойынша макроэкономикалық тұрақтылық жөнінде шаралар қабылдау тапсырылғанын атап өтті. Осыған байланысты, электр энергиясына шекті тарифтердің өсуін тоқтату туралы шешім қабылданған.

"Осы бұйрықпен 2026-2032 жылдарға арналған электр энергиясына шекті тарифтерді 2025 жылғы электр энергиясына шекті тарифтер деңгейінде бекіту көзделген. Бұл ретте, шекті тарифтерді на 2026-2032 жылдарға бекіту шекті тарифтердің 2025 жылғы деңгейінде бекітілуіне байланысты бірыңғай сатып алушының бағасына әсер етпейтінін атап өту қажет", – деп хабарлады Энергетика министрлігі.

Бекітілген тарифтерді 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізу көзделген. Шекті тарифтердің қолданылу кезеңі 2026-2032 жылдар деп белгіленген.

Құжатты жария талқылау "Ашық НҚА" порталында 17 желтоқсанға дейін жалғасады.