Елімізде балаларға арналған 520 футбол алаңы пайдалануға берілді

0
118

Бұл туралы Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов айтты.


Елімізде балаларға арналған 520 футбол алаңы пайдалануға берілді

Фото: inbusiness.kz

ERNUR.KZ. Ол "Оқу жылының аяқталуы және білім алушылардың жазғы демалысын ұйымдастыру туралы" Үкімет отырысында баяндама жасады, деп жазады inbusiness.kz.

Министрдің мәліметінше, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша облыс, аудан орталықтарында және ауылдық елді мекендерде балаларға арналған футбол алаңдарын салу жұмысы жалғасып жатыр.

– Бекітілген жоспарға сәйкес, жергілікті бюджеттер мен жеке инвестициялар есебінен 685 жоба іске асырылып жатыр. Қазірдің өзінде 520 футбол алаңы пайдалануға берілді. Жақын уақытта Атырау, Түркістан және Ұлытау облыстарында тағы 6 футбол алаңы ашылады, – деді Ербол Мырзабосынов.

Мұндай алаңдар балалардың жазғы демалыс кезінде спортпен айналысуына жағдай жасау үшін салынуда.

– Бұл балалардың жазғы демалыста спортпен тұрақты айналысу мүмкіндігін кеңейтеді, – деді министр.

Мұнан бөлек, мемлекеттік спорттық тапсырыс аясында ел бойынша 7 мыңнан аса спорт секциясы жұмыс істейді. Оларға 220 мыңнан астам бала тегін қатысып жүр. Министрдің сөзінше, бұл бағдарлама жазғы демалыс кезінде де жалғасады. Яғни, балалар демалыста да өздері қатысып жүрген секциялардан қол үзбейді.