Елімізде 1500-ге жуық балалар футбол алаңы салынады

0
115

Жалпы республика бойынша 90 жабық спорт нысанының құрылысы аяқталған.


Елімізде 1500-ге жуық балалар футбол алаңы салынады

Фото: inbusiness.kz

ERNUR.KZ. Туризм және спорт министрлігі мен "Қазақстан халқына" қоғамдық қоры өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды, деп жазады inbusiness.kz.

Жалпы аталған қор бүгінге дейін дене шынықтыру және спорт саласында жалпы сомасы 12,5 миллиард теңгені құрайтын 16 қайырымдылық бағдарлама мен жобаны жүзеге асырды.

"Қор негізінен ауылдық жерлерге баса назар аударып келеді. Жүйелі бастамалар қатарында еліміздің 12 өңірінде ангар үлгісінде жыл бойы жұмыс істейтін 23 модульді спорт залының құрылысы бар. Қазіргі таңда олардың 10-ы пайдалануға берілді. Сонымен қатар "Батыр боламын" қорымен бірлесіп жүзеге асырылып жатқан "100 ауылдық спорт залы" жобасы 25 мыңнан астам бала мен жасөспірімді қамтыды. Жыл соңына дейін тағы 100 спорт залының ашылуы жоспарланып отыр", - деп жазылған хабарламада.

Жалпы республика бойынша 90 жабық спорт нысанының құрылысы аяқталған. Соның 61-і ауылдық жерлерде орналасқан.

Министрлік мәләметінше, алдағы екі жылда еліміздің әрбір ауданы мен ауылында балаларға арналған футбол алаңдары салынуға тиіс. Қазіргі таңда министрлік осы бағыттағы іс-шаралар жоспарын әзірлеп жатыр. Ал жергілікті атқарушы органдардың мәліметі бойынша, бүгінде Қазақстанда 6 926 балалар футбол алаңы жұмыс істеп тұр. Бұған қосымша тағы 1 489 алаң салу қажет.

Меморандумның қолданыс мерзімі 2030 жылғы 31 желтоқсанға дейін белгіленген.