Экс-банкир Жомарт Ертаев жазасын толық өтеп, бостандыққа шықты

0
103

Ол 2020 жылы Bank RBK-дан 144 миллиард теңге жымқырды деп танылып, бастапқыда 11 жылға сотталған.


Экс-банкир Жомарт Ертаев жазасын толық өтеп, бостандыққа шықты

Фото: instagram.com/yertayev.zhomart

ERNUR.KZ. Бұрынғы банкир Жомарт Ертаев Bank RBK қаржысын жымқыру ісі бойынша тағайындалған жазасын толық өтеп, бостандыққа шықты, деп жазады stan.kz.

Журналист Михаил Козачковтың мәліметінше, Ертаевтың түрмеде отыру мерзімі аяқталған. Ол 2020 жылы Bank RBK-дан 144 миллиард теңге жымқырды деп танылып, бастапқыда 11 жылға сотталған. Кейін сот оның жазасын 9 жылға дейін қысқартқан.

Ертаев 2018 жылы ұсталғандықтан, қамауда өткізген уақыты да жалпы жаза мерзіміне есептелген. Осылайша, қазір ол сот белгілеген 9 жылдық жазасын толық өтеген.

Бұған дейін, 2025 жылдың күзінде, экс-банкир рақымшылыққа байланысты шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған еді. Алайда кейін бұл шешімнің күші жойылып, Ертаев қайтадан колонияға жіберілген. Бұл жолы ол жазасын толық өтеп, түпкілікті бостандыққа шықты.

Жомарт Ертаев кім?

Жомарт Ертаев 1972 жылы Алматы облысындағы Қарғалы ауылында дүниеге келген. Алматыдағы менеджмент және бизнес факультетін тәмамдаған.

2000 жылдардың басында ол Альянс Банкті (қазіргі ForteBank) басқарды. Кейін Украинадағы БТА Банкте және Еуразиялық банкте қызмет атқарған. 2014 жылы "Алма-ТВ" компаниясының бас директоры болып тағайындалып, 2016 жылы Alma Group директорлар кеңесін басқарды.

Ертаевтың аты бұған дейін де қылмыстық істермен аталған. 2009 жылы ол Альянс Банктен 1,1 млрд доллар жымқырды деген айыппен қамауға алынған. Тоғыз ай тергеу изоляторында отырғаннан кейін шартты жаза мен айыппұл алған.

Ал 2020 жылы Bank RBK-дан 144 миллиард теңге жымқыру ісі бойынша 11 жылға сотталды. Тергеу нұсқасы бойынша, ол жалған компанияға несие беруге ықпал еткен. Сотта Ертаев кінәсін толық мойындаған.

2021 жылғы наурызда сот оның жазасын 9 жылға дейін қысқартты. Сол жылы оған Bank RBK, Qazaq Banki және Еуразиялық банктің несие қаражатын жалған астық қолхаттары арқылы жымқыру ісі бойынша тағы 9 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған.

Еске салайық, бұған дейін экс-банкир Жомарт Ертаев Заречный кентіндегі №14 колонияда жазасын өтеп жатқанда, ҰҚК қызметкері Рабисұлтан Арысбаев одан тұрмыстық жағдайын жақсарту үшін ақша талап етіп, 4,8 млн теңге алған сәтінде ұсталды. 2023 жылы сот Арысбаевты 4 жыл 6 айға бас бостандығынан айырып, арнайы атағынан айырды.