e-Qazyna.kz платформасы мемлекеттік мүлікті күтіп-ұстауға кететін шығынды азайтады

0
94

e-Qazyna.kz платформасының барлық міндеті мемлекеттік активтерді басқару тиімділігін арттыруға бағытталған.


e-Qazyna.kz платформасы мемлекеттік мүлікті күтіп-ұстауға кететін шығынды азайтады

ERNUR.KZ. Яғни мемлекеттік мүлікті пайдаланудан түсетін кірісті көбейтіп, оны күтіп-ұстауға жұмсалатын шығындарды азайту. Қазіргі негізгі міндет - мемлекеттік мүліктің бытыраңқы есебінен e-Qazyna.kz платформасының цифрлық кеңістігіндегі бірыңғай есепке көшу. Бұл көшу 2029 жылға дейінгі жол картасында көзделген. Бұл жайлы ОКҚ брифингінде «Ақпараттық-есептеу орталығы» Акционерлік қоғамының Басқарма төрағасы Жанасыл Оспанов мәлімдеді.

«Біз мемлекеттік мүлік объектілері мен оларды басқарушы субъектілердің цифрлық профильдерін енгізіп жатырмыз. Олар объектілердің бүкіл өмірлік циклін көруге, ал басқарушы субъектілерге оларды өзекті деректер негізінде басқаруға мүмкіндік береді», – деді спикер.

Платформа есептік деректерді нысандар туралы нақты ақпаратпен байланыстырады. Жүйеде өзекті фотосуреттер мен дәл географиялық координаттар сақталады. Сондай-ақ нақты уақыт режимінде ғарыштық мониторинг деректерін пайдалану көзделіп отыр.

Мемлекеттік заңды тұлғалар мен квазимемлекеттік сектор мүлкін есепке алу да жоспарда бар. Мәселен, барлық стратегиялық, жер үсті және жер асты ресурстары Мемлекеттік тізілімнің бірыңғай цифрлық базасында автоматтандырылған түрде есепке алынбақ. Ақпараттық-есептеу орталығы кезең-кезеңімен электрондық есептіліктен бас тартып, тікелей цифрлық есепке көшіп жатыр. Ол үшін онлайн-бухгалтерия және e-Qazyna.kz платформасының «е-Минфин» жүйесімен тікелей интеграциясы қарастырылған.